Site icon Ақпараттық-танымдық портал

Аялы ағаш – саялы

img 20211019 wa0016

Облысқа ғана емес республика көлеміне белгілі «Ынтымақ-Атырау» үкіметтік емес ұйымы «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен әлеуметтік жобалар аясында әртүрлі шаралар мен жобалар өткізіп келеді.

Ұйым мүшелері қайырымдылық, білім беру, әлеуметтік және экологиялық жобалар бағыты бойынша жұмыс жасайды. Ағаш отырғызып, мұқтаждарға көмек қолын созып, қоршаған ортаның тазалығына мейлінше атсалысып жүр. 

«Ағашты жердің ырысы мол» дегендей, ұйым жылдағы дәстүрінен жаңылмай биыл да өңірдің көгалдануына үлес қосты.

Ұйым еріктілері Атырау қаласы мен Жылыой ауданындағы жергілікті білім беретін мекемелерге, «Шаңырақ» отбасылық үлгідегі балалар ауылына, жасөспірімдер үйіне, тіл мүкістігі бар және құлағы естімейтін балаларға арналған мектеп-интернатқа, жергілікті тұрғындарға, қайырымдылық және еріктілер ұйымдарына 420 көшет үлестірді. Сондай-ақ, осы жылы «Самал» шағынауданында екі гектар жерге көшеттер отырғызсса, былтыр «Геолог» шағынауданында отырғызған болатын. 

Жақсы істердің жаршысы болып, үлестерін қосып, әлеуметтік қиын жағдайға душар болған адамдарға көмектесіп жатады. Көп салалы жұмыс жасайтын қоғамдық ұйым деп білемін. Күздегі тал егу науқанына да үлес қосып жатыр екен. Жылыойда бастары қосылған айтыскер ақындардың 20 тал егуін жергілікті әкімдік ұсыныс қылып, бұл бастама «Ынтымақ» ұйымынан қолдау тапқаны қуантады. Ақындар бір кісідей тал егу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Талдың жайқалып өсіп кетуін тілейміз! Қоғамдық қор игі істердің бастаушысы болып жүре берсін, – деді Жылыой ауданының тұрғыны Сырымбек Сарсенбаев. 

«Ынтымақ» ҮЕҰ-ының директоры Майя Шаменованың айтуынша, осындай іргелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. 

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Exit mobile version