Ақпараттық-танымдық портал

Абай күні: Атыраулық әртістер автобустарда Абай әндерін шырқады (+ВИДЕО)

Бүгін, 10 тамыз – Абай күніне орай, М.Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрының жас актерлары №14 пен №2 бағытта қатынайтын қоғамдық автобустарға кіріп, ұлы ақын шығармаларын орындады, деп хабарлайды Depti.kz тілшісі.

https://www.youtube.com/watch?v=_M2bkT_-lac

Екі топқа бөлінген Жастар театрының әртістері Абай өлеңдерін жатқа оқып, домбырамен ән шырқады. Оларға қырық жылдан бері театр сахнасында өнер көрсетіп жүрген актриса Сәуле Байменова жетекшілік жасады.

– Қазір театр ұжымы демалыста. Сондықтан, жас актерлар бүгінгі атаулы күнді осылай халықпен тығыз байланыста атап өтуде. Бұл театрымыздың директоры Берік Қилекешұлының бастамасы болатын. Дәл осындай шараны былтыр наурыз мерекесінде де өткізген едік. Бұл жолы да халық қызу қолпаштап, қолдау танытты, – дейді ол.

img 20210810 wa0120

Күтпеген тосынсыйды жылы қабылдаған жолаушылар да Абай өлеңдерінен үзінді оқып, көпшілікке кеңінен таныс әндерді бірге шырқады.

Н.Жантөрин атындағы филармонияның дәстүрлі әншісі Жасұлан Базарбаев ұлы композитордың «Сегізаяқ», «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» әндерін орындап, жолаушылардың зор ықыласына бөленді.

Атырау жастар театрының актрисасы Лашын Нұркенқызы қоғамдық көлікке алғаш отырғанын да жасырмады.

«Көптің ортасында жүріп өнер көрсеткеніме өте ризамын. Ұмытылмастай әсер алдым. Жастардың көпшілігі Абай шығармаларын жатқа білмейтіні байқалып тұр. Есесіне, аға буын өкілдері өлеңдерін де, әндерін де қосылып орындап берді» деді ол бізбен әңгімесінде.

Айта кетейік, бүгін кешке театр ұжымының аға және орта буын өкілдері Жайық  өзенінде кеме үстінде өнер көрсетпек.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Exit mobile version