Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте айтылды, деп хабарлайды коммуникациялар қызметі.
Облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова кәсіпкерлерді «Ashyq» пилоттық жобасы арқылы жұмысын жалғастыруға шақырды.
- Өңірдің “қызыл” аймақта болуына байланысты кәсіп өкілдері айтарлықтай шектеумен жұмыс жасауда. Ал, «Ashyq» пилоттық жобасы карантин кезінде кәсіпкерлерге еркін жұмыс жасауға мүмкіндік бере отырып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді,- деді Бақытгүл Хаменова.
Атырау облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Мәдениет Танауов 3 күн ішінде Атырауда «Ashyq» жобасына қатысуға 72 кәсіпкерлік нысан ниет білдіргенін атап өтті. Бұл кәсіпкерлердің аталған қосымшаға деген қызығушылығы артқанын білдіреді.
- 2021 жылдың 26 сәуірінен бастап Атырау облысында кәсіпкерлік нысандарда «Ashyq» жобасын іске асыру басталды. Қаулыға сәйкес, «Ashyq» жобасын қоғамдық тамақтану орындары, фитнес-клуб, спа-орталықтары, сауна, кинотеатр, бассейн және театрлар мен филармонияларда іске асыру көзделді. Жобаға қатысуға ниет білдірген 72 кәсіпкерлік нысанның 50-і QR-код алып, қосымшаны тестілік режимде пайдалануда. Кәсіпкерлер пилоттық жобаға қатысу үшін “Атамекен” кәсіпкерлік палатасына өтініш береді, – деді Мәдениет Танауов.