Атырау облысының полиция қызметкерлері 18-20 тамыз аралығында ақпараттық технологияларды, соның ішінде интернет-алаяқтықпен жасалатын құқық бұзушылықтарға қарсы күрестің тиімділігін арттыруға бағытталған “Anti-fraud” республикалық жедел алдын-алу іс-шарасын өткізуде. Бұл туралы Атырау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Аталмыш шараның алғашқы күні Атырау облысында бұрын жасалған алаяқтық сипаттағы 8 интернет-қылмыс ашылды. Сонымен қатар, порнографиялық материалдарды тарату фактісі анықталып, Қылмыстық Кодекстің 311-бабы “Порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз тарату” бойынша тергеп-тексеру жүргізілуде.
Сондай-ақ, тәртіп сақшылары Instagram-әлеуметтік желісінде жиһаз сату туралы хабарландыру жариялап, сатып алушы – Атырау қаласы тұрғынынан 260 000 теңге мөлшерінде алдын- ала төлем алған Қарағанды облысының тумасын ұстады. Тексеру барысында, ұсталған азаматша осы тектес бірнеше алаяқтық қылмысына қатысты екені анықталды. Өз кінәсін толық мойындаған азаматша әзірге қол хатпен жіберілді.