Атырау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Қанат Әзмұханов «Атырау-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаңа басшысын ұжымға таныстырды.
Алдымен ол мекемеге екі жылдан аса уақыт басшылық жасаған Ысқақ Егембердиевтің нәтижелі жұмысына алғыс айтты. Осыдан соң бүгіннен бастап медиахолдинг тізгінін қолға алған тәжірибелі маман Біркенов Жасын Ерсінұлының еңбек жолына тоқталды.
1989 жылы 30 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген ол еңбек жолын 2006 жылы бастаған. Әр жылдары Петропавлдағы муниципалды телерадиоарнасында жаңалықтар бөлімінің тілшісі, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы» АҚ Солтүстік Қазақстан филиалында телебағдарлама өндірісі мен ақпарат бағдарламасының редакторы, «Қазақстан» ұлттық арнасында ақпараттық-сараптамалық «Апта.kz» бағдарламасының тілшісі, «7 арнада» «Нысана» бағдарламасының тілшісі, «Хабар 24» телеарнасының Киев, Ташкент қалалары бойынша меншікті тілшісі, осындағы «Сұхбат», «Өзекті», «Тексердік», «Баспасөзге шолу», «Әкім» бағдарламаларының авторы және жүргізушісі, жаңалықтар бөлімінің бас редакторы және телеарнаның шеф-редакторы қызметтерін атқарған.
– Руханияты жоғары, ұлттық салт-дәстүрге берік, ешқашан қазақы қалпын жоғалтпаған өңірде еңбек ету мен үшін үлкен абырой және зор жауапкершілік. Жас болсам да сенім артқан облыс басшысы мен ішкі саясат басқармасының басшылығына ризашылығымды білдіремін, – деді Жасын Ерсінұлы.
Амандық АБДОЛ
Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ