Қаржы мониторингі агенттігі облыстық депаратменттің Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы басшысы Шухрат Данбайға қатысты сотқа дейінгі тергеудің жүргізіп жатқанын хабарлады.
“Данбай және басқа да тұлғалар Атырау мұнай өңдеу зауытының қажеттіліктері үшін арнай құрал-жабдықтарды сатып алуға арналған қаржыны жымқырғаны үшін айыпталып отыр”, – дейді агенттік мамандары.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 189-бабы, 4-бөлігі (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу,қылмыстық топпен және аса ірі мөлшерде жасалған әрекет) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.Осы бапқа сәйкес, жеті жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кінәлі адамдардың мүлкi тәркiленiп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылады.
Бұрынғы басшы туралы не белгілі
Шухрат Данбай 1963 жылы Кентау қаласында дүниеге келген. “Қайнар” университетін “халықаралық экономикалық қарым-қатынастар” мамандығы бойынша бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты, іскерлік әкімшілендіру (DBA) бойынша доктор атағы бар.Данбай мұнайды өңдеу және жеткізу саласындағы ірі коммерциялық құрылымдарды басқарған.
“Казтоммұнай” ЖШС, “Гелиос” ЖШС мен “Қазақстанның отын-энергетика кешені” ЖШС бас директоры болды. “Павлодар мұнай-химия зауыты” АҚ бас директорының орынбасары, “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясының мұнай-химия және мұнай өңдеу бойынша атқарушы директоры қызметін атқарған.2009 жылы қыркүйек айында “Павлодар мұнай-химия зауыты” АҚ бас директоры болып тағайындалды. Сол кезде зауытта ауқымды жаңғырту жұмыстары атқарылған. Алайда 2017 жылы дизельді отын мәселесі туындағанда сол кездегі энергетика министрі Қанат Бозымбаев Данбайды сынға алды.
Себебі зауытта бірнеше апта бойы дизель отынын өндіруге қажетті қондырғы істемей тұрған. Дәнекерлеуші кінәлі деп танылды. Ал Шухрат Данбай өз еркімен бас директор қызметінен кетті. Соңғы уақытта Данбай “ҚазМұнайГаз” АҚ өңдеу бойынша атқарушы директоры қызметін атқарған.