АТЫРАУДА

Атырауда электр энергиясының бағасы қымбаттады

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаментімен (ТМРКД)  «Атырау Энерго Сату» ЖШС-дегі электр энергиясының бөлшек саудадағы шекті бағалары келісілді. 

Ағымдағы жылдың наурыз айының соңында «Атырау Энерго Сату» ЖШС ТМРКД-ға  2021 жылғы 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілген қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу қағидаларына сәйкес, электр энергиясын бөлшек саудада өткізудің шекті бағасының алдағы уақытта көтерілетіні туралы хабарлама берген. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті хабарлады.

«Атырау Энерго Сату» ЖШС (АЭС) ТМРКД-ға мынадай мөлшерлердегі жобалық бағалар ұсынған:

— орташа бағасы-22,95 теңге/кВтсағ (16,59 теңге/кВтсағ-тан 38,3%-ға ауытқу);

— жеке тұлғалар үшін-8,48 теңге/кВтсағ (4,73 теңге/кВтсағ-тан 79,3%-ке);

— басқа тұлғалар үшін-28,9 теңге/кВтсағ (20,64 теңге/кВтсағ-тан 40%-ке);

— бюджеттік ұйымдар үшін-66,13 теңге/кВтсағ (22,66 теңге/кВтсағ-тан 191,8%-ке);

— ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу үшін және «Атырау облысы Су Арнасы» КМК — 23,2 теңге/кВтсағ ( 16,59 теңге/кВтсағ-тан 40%-ке).

АЭС ЖШС шекті бағасының көтерілуінің негізгі себептері:

— Энергетика министрлігінің 2021 жылғы 30 наурыздағы №108 бұйрығына сәйкес «Атырау ЖЭО» АҚ электр энергиясына шекті тарифті 8,48-ден 13,99 теңге/кВтсағ-қа дейін және «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-і 13,10-нан 13,68 теңге/кВтсағ-қа дейін өсіруі;

— жұмыс көлемінің азаюы, 2020 жылдағы ЖШС шығындары, электр энергиясын тарату тарифінің өсуі, жабдықтау үстемесінің өсуі және т.б.

Хабарламада бұдан әрі тұтынушылар мен субъектілердің мүдделерінің сақталуын, олардың хабардар болуын, жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылдың 19 сәуірінде АЭС ЖШС хабарламасын қарау шеңберінде Департаментпен Жария тыңдаулар өткізілгендігі жазылған.  Оған энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының (облыс әкімдігі), өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, тұтынушылар және басқа да мүдделі тұлғалар қатысыпты.

Қоғамдық тыңдау барысында, халықтың әлеуметтік және экономикалық жағдайын ескере отырып, қоғамдық тыңдауға қатысушылар ТМРК департаментіне АЭС ЖШС мәлімдеген шекті бағаның өсуіне жол бермеу керектігін айтқан.

Жария тыңдауға қатысушылардың ұсынған ұсынымдарын ескере отырып, талдау қорытындылары бойынша энергия өндіруші ұйымдардың (Атырау ЖЭО және МАЭК-Қазатомөнеркәсіп) тарифтерінің өсуін ескере отырып, ТМРК департаменті «Атырау Энерго Сату» үшін мынадай шекті бағаларға келісті:

— орташа баға — 21,03 теңге/кВтсағ;

— жеке тұлғалар үшін — 5,44 теңге/кВтсағ;

— басқа тұлғалар үшін — 26,21 теңге /кВтсағ;

— бюджеттік ұйымдар үшін — 31,47 теңге/кВтсағ;

— ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу үшін және «Атырау облысы Су Арнасы» КМК — 21,03 теңге/кВтсағ.

Атырау облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департаменті таратқан хабарламада «Жоғарыда аталған өзгерістердің өзінде де Атырау тұрғындары үшін электр энергиясының шекті бағасы республиканың басқа өңірлерімен салыстырғанда ең төменгі болып қала береді», — деп атап өтілген.

«caspianlife.kz»

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button