Атырауда 200-ден астам тұрғын қазақ тілін тегін үйреніп жүр. Ақпан айында ашылған орталықта тіл үйренушілердің 70-ке жуығы өзге ұлт өкілі екен. Олардың қазақ тілін меңгеруге деген құлшынысы жоғары. Орталық жыл соңына дейін 540 адамға қазақ тілін тегін үйретуді жоспарлап отыр.
Виктория Шапошникованың қазақ тілін үйреніп жүргеніне 2 айға жуықтады. Әзірге аяқалысы жаман емес.
“Тек күнделікті жаттығып тұру керек” дейді ол. Виктория мұнда әріптестерімен жақын араласып, қазақ әндерін еркін шырқау үшін келіп жүргенін айтады.
“Маған қазақ тілі курсы өте ұнайды. Осы курсқа сәуір айынан бастап қатысып отырмын. Менің мақсатым — қазақ тілін жақсы меңгеру және еркін сөйлесу. Осындай мүмкіндік үшін ұйымдастырушыларға алғыс білдіреміз” depti Виктория тілшілерге.
Жұмысын биыл ақпан айында бастаған «Тіл» оқу-әдістемелік орталығында қазір 267 адам қазақ тілін тегін үйреніп жүр. Олардың 67-сі — өзге ұлт өкілі. Орталық жеке тұлғалардан бөлек облыстағы мекемелердің қызметкерлерін де қазақ, орыс және ағылшын тілдерін үйрету курсына шақырады.
“Осы курстың басты мақсаты — Атырау облысындағы ересек адамдарға, өзге ұлт өкілдеріне тегін курстарды ашу және мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру. Осы курстарға қызығушылық жоғары. Тағы да курстар жалғасын табады деп сенеміз” деді оқыту-әдістемелік орталығының басшысы Сәуле Құбашева.
Орталық жыл соңына дейін 540 адамға қазақ тілін тегін оқытуды жоспарлап отыр. Ол үшін қазынадан 55 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Қазақ тілін меңгерудің алғашқы деңгейі 3 жарым айға созылады. Курсты нәтижелі аяқтаған оқушыларға сертификат беріледі. Оқуды әрі қарай жалғастыру қатысушының өз ниетіне байланысты.