Атырауда түн ортасында жүзге жуық баланың не істеп жүргені анықталды

Атырауда үш күнде түнде көшеде жүрген 98 жасөспірім анықталды.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 21-23 сәуірде «Жанұя және бала» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілген. «Іс-шара кезінде бала тәрбиесімен тиісінше айналыспаған 8 отбасына қатысты құжаттар кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияға жолданды.

«Зорлық және жауапкершілік» тақырыбында онлайн форматта 110 ата-ананың қатысуымен жиналыс өткізілді. Департаменттің бөлім бастықтары 7 азаматқа құқықтық консультация беріп, кәмелетке толмаған 22 жасөспіріммен әңгіме жүргізілді», -дейді департамент бастығы, полиция бастығы Қамза Үмбетқалиев.

Оның айтуынша, ювеналды полиция инспекторлары түнде заңды өкілінсіз тұрғылықты үй-жайынан тыс жерде жүрген 98 жасөспірімнің ата-анасына әкімшілік ескерту берілген. Ал, 11 ата-анаға бала тәрбиесімен айналыспағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолданған. Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда балаларының көзінше ішімдік ішкен әйелдің құқығы шектелетінін жазған болатынбыз.

Exit mobile version