АТЫРАУДАБЕЙНЕТАСПА

Атырауда жұмыс жасайтын «Энрике Иглесиас» тағы да таңқалдырды! (+ВИДЕО)

Танымал поп-әнші Энрике Иглесиастың орындауындағы «Ring my bells» әнін айтқан қазақ жігіті Медет Өтегеновтің танымалдылығы күннен күнге артып келеді.

Батыс Қазақстан облысы, Шағатай ауылында тұратын Медеттің жасы 30-да. Ол — Атырауда мұнай компанияларының бірінде қарапайым жұмысшы. Оған бейнежазбаны TikTok-қа жүктеуге досы кеңес берген.

Манарбек деген досымның айтуымен видеоны әлеуметтік желіге салдым. Басында салғым келмеді. Ұялдым. Бірақ кейін ойлана келе видеоны қызық үшін жүктей салдым, —дейді Медет Өтегенов.

Осылайша бір күнде танымал болған Медет енді үлкен сахнаға шығып, әнші атанғысы келеді. Шоу-бизнесте жұлдызын жағатын продюсер кездессе, тіпті қазіргі жұмысын тастап кетуге әзір.

Менің мақсатым үлкен сахнаға шығып, ән салу. Оның үстіне халық барынша қолдап жатыр. Өнерімді бағалайтын продюсермен жұмыс істеуге қарсы емеспін. Бірақ ән салып жүргенде, отбасым аш қалмауы керек, — дейді ол.

Өтегенов бірнеше жыл бұрын отбасын құрған. Қазір 3 қыз, бір ұлы бар. Медеттің өнерін ата-анасы да, келіншегі де қолдайды екен.

«Бала кезімнен өнерге жақынмын. Менің әкем де, анам да өнерден кенде емес. Кішігірім той-томалақта анам ән салатын. Студент кезімде Энрике Иглесиастың шығармашылығына қатты қызықтым. Оның репертуарындағы әндерін жатқа білемін. Алғаш рет поп-әншінің «Hero» атты әнін жаттап алып, оның дауысын айнытпай салуға тырыстым. Нәтижесі жаман емес. Бірақ көп дайындалдым», — дейді Медет.

Өнерлі жігіт Орал қаласындағы қаржы-экономикалық колледжін тәмамдаған. Мамандығы қаржыгер. Алайда мамандығы бойынша жұмыс таппаған соң, мұнай компаниясына қарапайым жұмысшы болып орналасқан.

Вахтада жеті жыл жұмыс істеймін. Үйде де, жұмыста да ән айтып жүремін. Ән салсам көңілім көтеріледі, — дейді өнерлі жігіт.

Белгілі композитор әрі продюсер Ұлықпан Жолдасов Медеттің өнерін жоғары бағалап отыр.

Дауысы жақсы, қатты ұнады. Өзіне тән ерекшелік бар. Бірақ, көп еңбектену керек. Әнші болу оңай емес. Десе де бір әнмен «жұлдыз» атанып жүргендер қаншама. Мен Медеттен жақсы әнші шығатынына сенімдімін, — дейді Ұлықпан Жолдасов.

Ұлықпан репертуарындағы бірнеше әнді ағылшын тіліне аударып, оны кеңінен насихаттамақ.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button