АТЫРАУДА

Атырауға «MediaLitFest» фестивалі аясында Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры келді (+ФОТО)

26 маусымда Атырау облысында MediaLitFest медиа және ақпараттық сауаттылыққа арналған бірінші онлайн фестиваль өткізіледі. Осыған орай, бүгін «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің баспасөз залында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің журналистика кафедрасының меңгерушісі Мəншүк МҰҚАШЕВА аймақ журналистерімен кездесті.

Аталған медиахолдинг директорының орынбасары Рауан Сәбитов фестивальдің маңызын айта келе, қолына қалам ұстаған қауымды оған белсене қатысуға шақырды.

img 20210618 wa0094
img 20210618 wa0132

Ал, өз кезегінде Мәншүк Тынышқалиқызы фестиваль аясында кітапхана қызметкерлері, педагогтар, бизнес пен ҮЕҰ өкілдері, студенттер мен оқытушылар, мұғалімдер мен жоғары сынып оқушылары, зейнеткерлер, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне медиасауаттылық, агрессивті заманауи ақпараттық ортада өзін-өзі ұстау қағидалары, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таратылатын теріс ақпаратты жариялаудың ҚР заңнамасында көрсетілген шектеулері, жеке акаунттар мен пабликтерде сапалы контент жасауға көмектесетін цифрлық дағдылар және басқа да тақырыптар ұсынылатынын жеткізді.

Осыдан кейін Атырауға арнайы келген құрметті қонақ – Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ ҚОЙТАНОВ сөз алып, фестивальдің сәтті өтуіне тілек білдірді.

Қадірлі Мәншүк Тынышқалиқызы! Сізді 28 маусым – Ақпарат және байланыс саласы қызметкерлерінің күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Өзіңіз басқарып отырған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Журналистика кафедрасы еліміздің әдебиет, өнер, мәдениет салаларындағы жаңашылдықтарға әрдайым үн қосып, қолдау білдіріп отырады.Сіздің қолдауыңызбен бір топ мәдениет қайраткерлері Атырау топырағында туған қазақтың ұлы ақыны – Жұмекен Нәжімеденовтың 85 жылдығы да өз деңгейінде аталып өтіп, келелі бастамалар жүзеге асырылды.

Ел руханиятына сіңіріп жатқан осындай еңбектеріңізді ескере отырып, Қазақстан Баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар Ассоциациясы атынан сізді «Кітап мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін» медалімен марапаттауға рұқсат етіңіз. Қазақстан Баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар Ассоциациясы – еліміздегі елуге жақын ірі баспалардың одағы, қоғамдық ұйым. Осы ұйым басшылығы, мүшелері, құрылтайшылары бірауыздан сізді кәсіби мереке қарсаңында елге еңбек сіңіріп жүрген тұлғаларға табыстайтын медальмен марапаттауға шешім қабылдаған. Қабыл алыңыз! Абыройыңыз арта берсін, мерейіңіз үстем болсын! – деген ол марапат иесінің өңіріне медаль қадады.

img 20210618 wa0097
img 20210618 wa0114

Соңында брифинг қонақтары журналистердің сауалына жауап берді.

Айта кетейік, бұл фестивальға тек журналистер емес, кез-келген адам қатыса алады. Тек мына сілтеме арқылы тіркелу керек:

https://docs.google.com/forms/d/e/1FAIpQLSd2WFD8-i1LFErCg7mdjYJFZiFWQbiilUyaaqM-0FEpoLdW-A/viewform?usp=sf_link

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button