Атыраулық азамат әйелін пышақтап тастады

Атырауда ер адам азаматтық некедегі әйелін пышақтап тастады. Екеуінің некеден ортақ екі баласы бар, деп хабарлайды Экспресс К.

Басында тату-тәтті өмір сүрген олар, кейін ұрсыса бастап, әйелі бөлек үйге шығып кеткен. Бұл күйеуінің ашуын туғызып, бірнеше рет үйіне келіп, әйелін өлімше етіп сабап кететін болған.

«Мен үнемі полицияға арыз жазып жүрмін. Өйткені мені ұрып-соғып, балағаттап, қорқытады. Бірақ полиция оны алып кетіп, бір күннен соң жібере салады. Кейде ескерту ғана жасайды да, қылмысқа көз жұмады. Полицияның жұмыс істемейтінін көріп, ол мені ұра беретін. Тіпті балабақшаның алдында да, балаларымның көзінше де ұрды. Ол ішіп алып, көлік жүргізеді, бірақ бәрі бір полиция тоқтатпайды», — дейді екі баланың анасы.

9 наурызда әйел достарымен дүкеннен келе жатқанда, күйеуі оны есік алдынан күтіп алып, үлкен ас үй пышағымен оған шаба жөнелген. Әйелге бірнеше рет пышақ сұғып, қолын шапқысы келген.

Жапа шеккен әйелге Атырау облыстық аураханасында төрт сағат ауыр операция жасалды. Оның ішкі ағзаларына зақым келіп, қолы тігілген. Қайта аяққа тұрып кетуге біршама уақыт керек.

Атырау облыстық полиция департаменті тек күдікті ұсталғанын, ал қалған ақпарат тергеу мүдделеріне байланысты жариялауға жатпайтынын хабарлады.

Exit mobile version