Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Ресейдің Орынбор қаласында дзюдодан ересектер арасында «Orenburg Cup 2021» Еуропа кубогі өтіп жатыр.
Еуропа кубогін иелену үшін халықыралық сайыста әлемнің 14 елінен 189 спортшы бақ сынауда. Бұл додада атыраулық дзюдошы Бақыт Абдусамат 60 келі салмақта қарсыластарының бәрін ұтып, Еуропа кубогінің жеңімпазы атанды.
«Ол іріктеу кезеңінде ресейлік Егорь Цветков мен италиялық дзюдошы Марио Петросиноны жарыс жолынан ығыстырды. Ал, жартылай финалда Әзербайжан елінің өкілі Ахмат Юсуповтан басым түсті. Ақтық бәсекеде Ресей Федерациясынан қатысқан қарсыласы Изнанур Саевты қапы қалдырған қазақ спортшысы еліміздің көк байрағын желбіретіп, әнұранымызды шырқатты», -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Аталған додада атыраулық тағы бір спортшы күміс жүлдеге ие болды. Ол – Абиба Абужақынова.
Әйелдер арасында 48 келі салмақта сынға түскен ол үш кездесу өткізкен. Ақтық сында ресейлік спортшыға есе жіберді.