БӘРЕКЕЛДІ! ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУДАҒЫ ЖАРҚЫН ЖЕҢІС

Медиасауаттылықты дамыту бойынша халықаралық жобалар байқауында Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің журналистика кафедрасының меңгерушісі Мəншүк МҰҚАШЕВА жеңімпаз атанды!

Ол белгілі украиналық ментор және тренер Сергей Штурхецкий мен өзбекстандық ментор, тренер Саида Сулаймановалар қол қойған сертификатқа ие болды.

Тарқатып айтар болсақ, «Медиасауаттылық онлайн: креатив аттракционы!» тақырыбында «Эдьютон 2021 MediaCAMP» инновациялық-әдістемелік семинары ұйымдастырылған болатын. Оны Марат Биғалиев бастаған Орталық Азиядағы Internews өкілдігі өткізді. Оған Халықаралық даму бойынша АҚШ Агенттігі (USAID) қолдау көрсетті.

Айта кетейік, бүгінде Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті – талапты жастардың түйіскен ордасы. Сондықтан, ұлағатты ұстаздар қауымы тек шəкірттердің білім-білігін ғана шыңдап қоймай, түрлі тілдерді еркін меңгерген, туған жердің тау-тасы мен сай-саласын, əдет-ғұрпы мен салт-санасын жүрегімен жақсы көретін, ұйымшыл ұлт пен ұлысты ұлықтай білетін жаңа заман жастарын тəрбиелеуге ұмтылады.

Осындай батыл бастамалардың басы-қасында жоғарыда аталған жоба жеңімпазы да жүр. Ендеше, атыраулық білім ордасы тарихындағы толағай табыстар мен жарқын жеңістер жарасымды жалғасын таба бергей демекпіз.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Exit mobile version