Биыл Атырау бокс федерациясы үшін олжалы жыл болды.
Оған мысал Сербияда өткен әлем чемпионатында жерлес боксшымыз бақ сынап, үлкен тәжірибе жинап қайтқан болатын. Атырау бокс федерациясы биылғы жылды қорытындылап, бір топ былғары қолға иелерін марапаттады.
«Нұрлан Балғымбаев» атындағы орталықта өткен Атырау бокс федерациясының кеңейтілген жиынында федерацияның 2021 жылы атқарған жұмысы туралы есеп беріліп, даму жоспары талқыланды. Жиынға Атырау облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимов және бокс ардагерлері мен жаттықтырушылар қатысты. Федерация президенті Шухрат Данбай Шухрат шараға онлайн қосылып, алғы сөзін айтты.
– Биылғы жылғы нәтижеміз көңіл қуантады. Облыстық бокс клубын сенімгерлікпен басқаруға алдық. Ендігі кезекте клуб базасын заманауи талаптарға сай етіп күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлап отырмыз. Мақсат нәтижені одан сайын жақсарта түсу. Алдымызға үлкен мақсат – келесі Олимпиада ойындарының қатысушысын шығаруды жоспарап отырмыз, – дейді федерация президенті.
Жиын барысында федерациясының атқарушы директоры Батырхан Калыков, бокс клубының директоры Асылбек Чунышкалиев және облыс аға жаттықтырушылары атқарылған жұмыс туралы есеп берді. Биылғы жылы жоғары жетістікке жеткен спортшылар қаржылай сыйақылармен марапатталды. Айта кету керек, боксшыларамыз биыл чемпионаттарда 3 алтын, 7 күміс және 12 қола жүлдеге ие болды. Араға 8 жыл салып ерлер арасындағы Қазақстан чемпионы шықты.
Алдағы уақытта федерация спортшылар мен жаттықтырушыларға жалақы төлеу, түрлі турнирлер өткізу, облыста бокстың даму туралы сараптама жасау және насихаттау, споршыларды түрлі сайыстарға жіберу секілді жұмыстарды атқара беретін болады.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ