«Атырау адалдық алаңы» жобалық кеңсесі дәрі-дәрмек бағаларының шекті мөлшерден аспауын қадағалау, сондай-ақ дәрі-дәрмектердің жаңартылған толық тізімін жариялау мақсатында ақпараттық маңдайша жасақтап, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында Атырау қаласында және облысқа қарасты 7 ауданның дәріханаларына ілінуде.
Ілінген парақшаларда парацетамол, ингавирин, аспирин кардио, ацетилсалицил қышқылы мен антигриппин таблеткаларының шекті бағасы көрсетілген. Сондай-ақ, парақшадағы QR кодты телефоныңызға енгізу арқылы денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес басқа да дәрі-дәрмектің шекті бағасын білуге болады.
Дәрі-дәрмектер белгіленген шекті бағадан асып кеткен жағдайда жеке тұлғаларға – 70 АЕК (194 460 теңге), лауазымды тұлғаларға – 100 АЕК (277 800 теңге), шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін – 130 АЕК (361 140), орта – 200 АЕК (555 600 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін – 1 000 АЕК (2 778 000 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салынады.
Егер дәрі-дәрмектің бағасы шектен тыс көтерілгені анықталған жағдайда, ақпараттық маңдайшада «Атырау адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен Атырау облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің байланыс номерлері жазылған.