Site icon Ақпараттық-танымдық портал

Каспий итбалығы популяциясы кешенді зерттеліп келеді

7112604a 868f 4ce0 9b40 ce580ed80ff6

NCOC бастамасымен үшінші жыл қатарынан Каспий итбалығы популяциясы кешенді зерттеліп келеді.

Солтүстік Каспий теңіздің ресейлік батыс және қазақстандық шығыс бөліктерін қамтиды. Ол мұз үстінде күшіктейтін итбалықтар үшін ерекше маңызды аймақ. Итбалық күшіктері мұз үстінде өсіп, жетіледі. Жетілген жас итбалықтар мұз ерігеннен кейін ересектермен бірге түлеу және қоңдану үшін Солтүстік Каспийдің шағын аралдарына қоныс аударады. NCOC компаниясының қолдауымен іске асып жатқан Қазақстан мен Ресей ғалымдарының бірлескен зерттеулері итбалықтарды Солтүстік Каспийдің бүкіл акваториясында зерделеуге мүмкіндік береді. Өйткені Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан мен Ресей ғалымдары итбалықтарды зерттеу жұмыстарын өздерінің аумақтық суында түрлі зерттеу әдістемелерін пайдалана отырып бөлек жүргізді.

Ескекаяқтылар отрядының ең ұсақ өкілі Каспий итбалығының экологиясын зерделеу жөніндегі зерттеу жұмыстары жаңа деңгейге жетті: 2020 жылғы ақпанда 2012 жылдан бері алғаш рет Солтүс-шығыс Каспийдің мұз алқабындағы итбалықтарға әуеден санақ жүргізілді. Көктемнің басында Солтүс Каспийдің оңтүстік-шығыс бөлігіндегі түлеу жатақтарына санақ жүргізілді. 
Каспий итбалығын халықаралық деңгейде кешенді зерттеу ғылыми қоғамдастықтың осы бірегей теңіз суқоректісі популяциясының күйі туралы алаңдаушылығына жауап болды: 
• Ғалымдардың деректері бойынша XX ғасырдың басынан бастап 2005 жылға дейін итбалықтар саны 1,2 миллионнан 104 мыңға дейін – 91%-ға азайған (Harkonen et al., 2012). 
• 2008 жылдан бері Каспий итбалығы Халықаралық табиғат қорғау одағының Қызыл тізімінде «Endangered» (жойылу қаупі төнген) қорғау статусында. 
• 2017 жылы 100-ден астам ел, соның ішінде Әзірбайжан 1993 жылы және Түркіменстан 2011 жылы Каспий итбалығын жойылу қатері төнген түрге жатқызды. 
• 2020 жылы Каспий итбалығы Қазақстан мен Ресейдің Қызыл кітаптарына енгізілді.

NCOC компаниясы 2019 жылы Қазақстан мен Ресей ғалымдарымен бірге кешенді зерттеу жұмыстарын ұйымдастырды. Бағдарламаның мақсаты – Каспий итбалығы популяциясының қазіргі күйін Каспий теңізі жануарлар әлемінің эндемигі және Каспийдің экожүйесі күйінің индикатор түрі ретінде зерделеу.

Бағдарламаның негізгі бағыттары – популяцияның санын, күйін, итбалықтардың қорек қорын, мекендеу орындарының күйін, жануарларға жағымсыз әсер ететін факторларды зерделеу және, ең бастысы, Каспий итбалығы популяциясын және оның мекендеу ортасын сақтау жөніндегі перспективалар мен іс-шараларды анықтау.
Қазақстан жағынан Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы (БШҒӨО ЖШС), Микробиология және вирусология ғылыми-зерттеу орталығы (МжВҒЗО ЖШС), «Қазақстандық Қолданбалы Экология Агенттігі» ЖШС, «Орталық Азия экологиялық зерттеулер институты» ЖШС, ал Ресей жағынан – Бүкілресейлік балық шаруашылығы және мұхиттану ғылыми-зерттеу институты («ВНИРО») және Ресей Ғылым академиясының А.Н. Северцов атындағы Экология және эволюция проблемалары институты (РҒА ЭЭПИ) федералдық мемлекеттік ғылыми мекемелері жұмыс істеді. 
Екі елдің ғалымдарының зерттеулері екі елдегі уәкілетті мемлекеттік органдардың – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің және РФ Балық аулау жөніндегі федералдық агенттігінің жетекші мамандарымен келісілді.

Қазіргі уақытта Бағдарлама аясында бірнеше зерттеу орындалып болды:

• 2019-2020 жж. күзгі кезеңде итбалықтарға ен салу ойдағыдай өтті – 20 итбалық ауланып, оларға ен салынды, әлі 50 ен салу жоспарланып отыр;
• күзгі кезеңде Солтүстік Каспийдің ресейлік және қазақстандық акваторияларында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған кемелердің борттарынан итбалықтарға санақтар жүргізілді; 
• 2020 және 2021 жылғы қысқы кезеңде зерттеушілер Каспий итбалықтарының күшіктеп жатқан бөлігіне арнайы әуе санағын жүргізді және осындай санақтар көктемгі түлеу кезінде де жүргізілді.

Каспий итбалығы популяциясының күйін анағұрлым толық түсіну мақсатында халықаралық ғалымдар тобы зерттеу жұмыстары алдында Каспий итбалығы туралы көптеген мәліметтерді және NCOC компаниясы 1994 – 2018 жылдар аралығында итбалықтарды жоспарлы және дәйекті түрде кешенді зерттеулер барысында жинаған ақпаратты мұқият зерделеді және талдады.

Популяция санын бағалау Солтүстік Каспийдегі мұз алқабында ересек ұрғашылардың басым бөлігі күшіктеу үшін жиналған кезде итбалықтардың қысқы авиасанағы кезінде жүргізіледі. Санақтар зертхана-ұшақтың көмегімен алдын ала есептелген арнайы координаттар – трансекттер бойынша жүргізіледі.

Санақ жүргізу үшін заманауи техникалық құралдар – зертхана-ұшақтың бортына орнатылған, мұз алқабындағы итбалықтардың нақты санын анықтауға мүмкіндік беретін арнайы фотоаппараттар, бейне аппаратура, жылу сезгіш құрылғылар кешені пайдаланылады. Осындай есептеу жүйесі өңірімізде алғаш рет қолданылуда. 
Каспий итбалықтары күшіктейтін аудандар Солтүстік Каспийдің мұзды бөлігі акваториясында орналасқан. Жыныс мүшелері жетілген аналықтар қысқы кезеңде күшіктеу және сүтею үшін мұзға келеді. Сүтею кезеңі көп жағдайда созылмалы режимде өтеді, қаңтардың екінші жартысында басталып, ақпан аяғында аяқталады. Күшіктеу процесі мен оның ұзақтығына қыстың қаттылық дәрежесі әсер етуі мүмкін.

Қыс 2021 ж. қысындай бірқалыпты болғанда мұз жамылғысының ауданы 2020 жылғымен салыстырғанда едәуір үлкен болды, осыған байланысты әуе санағы көбірек жүргізілді. Әуе санағын жүргізу кезеңінде үнемі оңтүстік-батыстан соққан жел мұзды Солтүстік Каспийдің солтүстік-шығыс бөлігіне ығыстырды. Итбалықтардың мұз бетіндегі жатақтарының барлығы дерлік Қазақстан акваториясында болды. 2021 жылғы қыста Каспий итбалықтарының күшіктеуі қанағаттанарлық режимде өтті. Бұны күшіктердің ұзындығы, қоңдылығы және өңі айғақтайды.

2021 жылы мұз бетінде тіркелген Каспий итбалықтарының (ересектер мен күшіктер) саны 185,6 мың болды.

Каспий итбалығы популяциясының 2021 жылға қараған шақтағы ағымдағы күйі, жас бойынша құрылымы, жыныстық жетілу уақыты және аналықтарының қысыр қалу пайызы негізінде популяцияның есептік жалпы санының төменгі шегі 302 мың итбалықты құрайды. 2012, 2020 және 2021 жылдар бойынша деректердің талдамасы биылғы күшіктер санының 2012 жылғы деректермен салыстырғанда 19,7%-ға және 2020 жылғы деректермен салыстырғанда 6,5%-ға өскенін көрсетті.
Т

еңіз жануарының дәл санын анықтау үшін кем дегенде үш жыл бойы үздіксіз санақ және зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет. Жүргізілген зерттеулер ғалымдарға итбалықтар санын анықтаумен қатар популяциясының жалпы күйін бағалауға мүмкіндік береді.

Күзгі кезеңде итбалықтарды зерттеу Солтүстік Каспий аралдарында жалғасады, ол жерде ғалымдар кешенді зерттеу жұмыстарының басқа бөлігін жүргізеді. Шағын араларда итбалықтарға жерсеріктік ендер орнатылады, олар итбалықтардың белгілі бір уақытта қайда екенін және миграциялық жолын белгілейді. Ен салу үшін Ресейдің «Пульсар» сериялы жерсеріктік радиоендері пайдаланылды. 2019 жылы итбалықтарға 9 және 2020 жылы 11 жерсеріктік хабарлағыш құрылғы салынды. Салынған ендер жануарлардың күзгі-қысқы кезеңдегі қоныс аударуы туралы құнды мәліметтер берді. Жануарлар қозғалысының басым бөлігі Солтүстік Каспий шектерінде болды, алайда жекелеген итбалықтар қадағалау кезеңінде Орта және тіпті Оңтүстік Каспийде кездесті.

Алынған деректер әзірше Каспий итбалығының бүкіл популяциясының миграциялық мінез-құлқы мен мекендеу ортасындағы факторлармен қарым-қатынасы туралы нақты тұжырымдар бермей отыр. Жануарларға ен салу жұмысын олардың түрлі жынысы бойынша, сондай-ақ жастық топтары бойынша іріктеуді көбейте отырып жалғастыру қажет. 2019 және 2020 жылдар бойынша деректер көп жағдайда бір-бірінен өзгешеленеді, бұл зерттелген жылдардағы мұз сипаттамаларының, жыл аралықтары мен популяция ішіндегі ерекшеліктердің салдары болып табылады. Алынған деректер келешектегі зерттеулерге негіз болып, Каспий итбалығының орын ауыстыруы мен теңіз акваториясын пайдалануы туралы алғашқы түсініктер береді.

Итбалықтарға ен салумен қатар биологиялық сынамалар алынады – итбалықтардың түгінен және қанынан, шырышты қабығынан алынған сынамалар бойынша кейін паразитологиялық, микробиологиялық, иммунологиялық, токсикологиялық, генетикалық және вирусологиялық талдаулар жүргізіледі. 2020 жылдың күзінде далалық жұмыстар жүргізу барысында вирусологиялық, гормондық, генетикалық, токсикологиялық, серологиялық және морфологиялық зерттеулер үшін Ресей акваториясында тірі және өлі Каспий итбалықтарынан 81 биоматериал сынамасы және Қазақстан акваториясында 363 сынама алынды. 
Сынамалар алу популяцияның аман-саулығын, оның түрлі инфекциялар мен ауруларға қарсы тұру қабілетін бағалау үшін қажет. Токсикологиялық талдау итбалықтардың қанында, ағзаларында және тіндерінде қандай ластаушы заттардың және қандай концентрацияда барын анықтауға мүмкіндік береді. Итбалықтар популяциясы бірегей ме, ал егер жоқ болса, субпопуляциялардың қайсысы күйзеліске көбірек шалдыққан – өте қызық сұрақ. Осы проблеманы шешу үшін генетикалық зерттеулер жүргізіледі.

NCOC компаниясы қаржыландырып жатқан бесжылдық бағдарлама Каспий итбалығын сақтау бойынша негізделген табиғат қорғау іс-шараларын әзірлеу үшін негіз қалаушы ақпарат беретінін атап өту қажет.
Келешекте Каспий маңындағы барлық елдердің ғылыми әлеуетін біріктіру жоспарланып отыр. Ол өз кезегінде өзгеріп жатқан климат пен Каспий қайраңын шаруашылық игерудің өсуі жағдайларында Каспий итбалығының популяциясын және теңізді мекендеуші басқа да түрлерді сақтау шараларын әзірлеуге және енгізуге, Каспийдің теңдесі жоқ осал экожүйесін, оның қайталанбас бірегейлігін сақтауға мүмкіндік береді.

Exit mobile version