Ақпараттық-танымдық портал

Мәжілісмен «Рауан Налко» жұмысшыларын референдумға қатысуға шақырды

«Ақ жол» демократиялық партиясы Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Рауан Налко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде Парламент Мәжілісінің депутаты, аталған партия фракциясының мүшесі Серік Ерубаев еңбек ұжымымен кездесті.

Оған партияның белсенді өкілдері мен қалалық мәслихат депутаттары қатысты. Кәсіпорын басшысы Бауыржан Әжіғалиев референдум барысын түсіндіру үшін арнайы уақыт бөліп келген халық қалаулысына ұжым атынан алғысын білдірді.

Өз кезегінде Серік Сәрсенұлы жұмысшыларды алдағы маңызды саяси науқанға белсенділікпен қатысуға шақырды.

«Бұл – сайлау емес, бұл – таңдау, яғни, өзіміздің болашағымызды таңдау. Өсіп-келе жатқан ұрпақтың келешегіне титтей де болса алаң көңілмен қарайтын адам референдумға қатысып, өз таңдауын жасайды деп білемін. «Мен бара қойғаннан ештеңе өзгере қоймас» деген жеңіл ойдан аулақ болайық. Бұл жеке бастың емес, елдің қамы үшін жасалатын қадам деп біліңіздер. Міне, өздеріңіз сайлаған депутаттардың бүгін араларыңыздан табылып, ұсыныс-тілектеріңізді сұрап жатқаны да сондықтан. Өйткені, халықтың мұң-мұқтажын шын мәнінде ести алатын мемлекеттің ғана мақсаты айқын, болашағы жарқын болмақ» деді мәжілісмен.

Соңында жиынға қатысушылар мемлекеттік тіл қолданысы, әкімдерді сайлау барысы, Президент өкілеттігі және басқа да мәселелерге қатысты сауалдарын қойып, қанағаттанарлық жауап алды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

img 20220602 wa0027
Exit mobile version