АТЫРАУДА#Жолдау2021

Мемлекеттік тілдің қолданылу аясы кеңейіп келеді

Жыл сайын үмітпен күтетін Мемлекет басшысының Жолдауы биыл да ерекше назар аудартты.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы бүкіл әлемді алаңдатып отырған пандемиямен күрес жолдарын, оның зардабы мен өзгерістерін айта келіп, еліміздің әлеуметтік дамуына, азаматтардың табысы мен жұмыс орындарының сақталуына, халқымыздың денсаулығы мен өмірін сақтау жолындағы жұмыстарға басты назар аудару керектігін қадап айтты.

Жолдау – халықтың ең маңызды, өзекті мәселелеріне жауап беретін ерекше мәнге ие құжат. Президент бірлескен отырысқа қатысқан Парламент депутаттарына әрбір заң жобасын сапалы дайындауға шақырды. Халықтың мүддесін қорғау жолында әрдайым табандылық таныту керек екеніне ерекше тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, әрбір шешім елдің сұранысын да, мемлекеттің мүмкіндігін де ескере отырып қабылдануы қажет. Сонымен қатар, мемлекеттік тіл мәртебесін де көтеріп, оған деген құрметті ерекше ықыласпен атап өтті.

– «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі шын мәнінде білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс. Өмірдің басты үрдісі. Атазаң бойынша, Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі,-деді Тоқаев.

Қазіргідей сәт сайын жаңарған заманда еліміздің әрбір азаматы жоғары білім мен табанды еңбектің нәтижесінде ғана биік белестерден көрінетінін ашық жеткізді. Қазақстан азаматтарын ел үшін адал қызмет етуге, абыройлы іс жасауға, терең білім алып, аянбай еңбек етуге шақырды.

Арманбек МАХМУДОВ,

Исатай аудандық ішкі саясат және

тілдерді дамыту бөлімінің басшысы

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button