Вакцинация – қоғамдық иммунитетті қалыптастыру үшін керек

by Depti
0 views

«Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов өңірдегі вакцинациялау жұмыстарының жүргізілу барысы туралы өткен жиында екпенің қоғамдық иммунитетті қалыптастыру үшін керек екенін баса айтты»,-деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

«Облыста эпидемиологиялық ахуал әлі күрделі, аурудың таралуы күннен-күнге өршуде. Бұл – баршамызды қатты алаңдатып отырған жағдай. Менің төрағалығыммен осыған дейін вакцинациялауға қатысты бірнеше жиналыстар өтті, нақты тапсырмалар берілді, бірақ жұмыс қарқыны әлі де төмен. Бұл, әлі де болса осы жұмыстардың қажетті деңгейде ұйымдастырылмағанын көрсетеді»,-деген облыс әкімі, вакцинация – аурудың алдын-алу ғана емес, қоғамдық иммунитетті қалыптастыру үшін керек екенін баса айтты.

Сондай-ақ, облыс әкімі басқарма басшыларына өздеріне қарасты мекемелердегі қызметкерлердің де вакцинациялау деңгейін 90 процентке дейін жеткізуді жүктеді.

«Барлығыңызға кеткен кемшіліктерді түзету үшін 2 апта уақыт беремін. Жұмыс жолға қойылмаған жағдайда Сіздерге тәріптік жауапкершілік қаралатын болады»,-деді облыс әкімі.

Ал, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялаудың күндік жоспарына өзгеріс енгізілгенін, соған сәйкес облыс бойынша күніне вакцина алатындар саны 1050-ден 3500-ге дейін артатын жеткізді.

Сондай-ақ, басқарма басшысы өңірдегі екпе жұмысына кеңінен тоқталды.
«Бүгінгі күнге барлығы 170 295 доза I компонент және 138 695 доза II компонент вакцина жеткізілді. Соңғы 10 күнде вакцина алған адамдардың саны 13,1%-ға артып отыр. Вакцинациялауға жататын контингенттер арасында ең жоғарғы көрсеткіш құқық қорғау органдарының қызметкерлері – 170%, ал, ең төменгі көрсеткіш студенттер – 38,3%»,-деді ол.

Сонымен қатар, облыстың бас дәрігері өңірдегі инфекциялық стационарлардың реанимация бөліміндегі жатқан науқастар арасында талдау жүргізілгенін де атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі күні облыс бойынша 1676 науқас КВИ-мен стационарларда ем қабылдап жатса, соның ішінде 95-і реанимация бөлімшесінде. Атап кететін жәйт, осы 95 науқастың бірде-бірі вакцинация алмаған болып шыққан.

Осы тұрғыда статистикада көрсетілгендей, студенттер мен ұстаздардың төмен көрсеткішін оқу орындарының басшылары қазіргі уақыттағы жазғы демалыспен байланыстырып, тамыздың 15 мен 31 аралығында екпе жұмыстарының қарқын алатынымен түсіндірді.

Жиында екпе алудан төмен көрсеткішпен тұрған аудандардың да жағдайы сұралды. Атап айтқанда, Жылыой халқының 13,7 пайызы, мақаттықтардың 22,5 пайызы, Исатай ауданының 28,7 пайызы, Қызылқоға тұрғындарының 28,1 пайызы ғана екпе алған.

Махамбет Досмұхамбетов Жылыой және Мақат ауданының әкімдеріне жұмысты тиісті деңгейде орындамағаны үшін салаға жетекшілік ететін орынбасарларына қатысты тәртіптік шара қолдануды тапсырды.

Жиын соңында Махамбет Досмұхамбетов әр 2 күн сайын Атырау қаласы және аудандар, салалық ұйымдар, кәсіпорындар және басқа да мекемелердің вакцинациялаудан өтуі туралы баяндауды міндеттеді.

Сонымен қатар, вакцинациямен қамтудың тәуліктік көрсеткіштерін жақсарту бойынша нақты шаралар қабылдауды, аудандардағы вакцинациялау қарқынын жоғарылату үшін әдістемелік көмек көрсетуді тапсырды.

Сондай-ақ, республикалық вакцинация жүргізу жөніндегі ақпараттық-түсіндіру науқанын іске асыруға арналған жол картасын облыстық деңгейде жасақтап, 2 күн мерзімінде бекіту қажеттігін ескертті.

You may also like

This material is not allowed for publication, broadcast, rewritten or redistributed. ©2021 PenciDesign. All rights reserved. Market data provided by Market.com. Powered and implemented by Web Design Solution. Legal Statement. News and Informations data provided by Example.Com