Синтетикалық есірткіні велосипедпен тасымалдамақ болған ер адам Атырау полицейлерінен жасырынуға тырысқан.
3 тамыз күні сағат 08:10 шамасында Атырау облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының және қаладағы патрульдік полиция қызметкерлері Атырау көшелерінің бірінде 33 жастағы ер адамды ұстады. Ол велисипед жылдамдығын арттырып, тәртіп сақшыларынан қашып кетпек болған. Алайда патрульдік полиция қызметкерлері күдіктіге қашып кетуге мүмкіндік бермеді.
Тінту кезінде полицейлер 40 қара полиэтилен пакетке салынған синтетикалық “мефедрон” препаратын тапты. “Қара нарықтағы” есірткінің құны 1,1 млн теңгені құрайды. Қала тұрғынының тыйым салынған заттарды қайдан сатып алғаны және сатқаны анықталуда.
Қазіргі уақытта күдікті УҰИ-ға қамалды. ҚР ҚК 296-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Айта кетейік, осы баптың санкциясына сай айыпталушыға үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.