Жақында жергілікті БАҚ-та Атырау қаласынан 25 шақырым қашықта Жайық өзені арнасының құрғауына байланысты суреттер жарияланған. Осыған байланысты Су ресурстары комитеті Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының өкілдері Атырау облысының әкімдігімен бірге БАҚ-та көрсетілген орынды тексерді.
«Бұл жер шоғырлану-қуғындау құбылыстарының әсер ету аймағында екені анықталды. 19-20 қыркүйекте өзеннің осы учаскесінде солтүстік-батыс бағыттан жел соққан. Бұл Каспий теңізі деңгейінің ауытқуына әсер етті. Соның салдарынан Жайық өзенінің арнасында су тартылып, аралдардың пайда болды. Қазір өзеннің осы учаскесіндегі жел оңтүстік-батыс бағыттан соғуда. Демек, су кері қайтып, пайда болған аралдар су астында қалды», – деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі.
Комитеттің ақпаратына сүйенсек, соңғы жылдары Жайық өзені бассейнінде судың аздығы бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Мәселен, Январцево гидробекетінің шекаралық тұсындағы ағын 3,5-5,5 текше шақырым деңгейінде байқалған. Ал, орташа көпжылдық ағын кезінде 8,14 текше шақырым. Бұл ағынның орташа көпжылдық дерегімен салыстырғанда 2 есе азайғанын көрсеткен.
«Жайық өзенінің негізгі ағысының 80%-ы Ресей Федерациясының аумағында қалыптасады. Қазір Қазақстан шекарасына жақын орналасқан Ириклин су қоймасының (РФ аумағында) көлемі 2681 млн текше метрді құрайды. Су ағызу секундына 15 текше метр шығынмен бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылады. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңінде су қоймасының көлемі 2808 млн метр. Ал, су ағызу секундына 14,3 текше метр шығынмен жүзеге асырылды», – деп мәлім етті баспасөз қызметінен.
“Қазақпарат”
Фото: Р.Қойлыбаев