Кей режиссерлер бір фильмді түсіруге бірнеше жыл жұмсаса, Нұрлан Қоянбаев өткен жылда үш фильм түсіріп үлгерген. Оның екеуі – отандық комедия болса, үшіншісі – Түркияның беделді продюсері әрі актері Кадыр Догулу үшін таспаланған. Мұның сыры неде? Қоянбаев Динара Сәтжанға берген сұхбатында түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Продюсердің айтуынша, киноны өз қаржысынан түсіретін продюсер, режиссерлер халықтың көңілінен шығуды алдыңғы орынға қояды. Сол арқылы танымал болып, кеткен қаражатты да ақтап алады. Ал мемлекеттің есебінен фильм таспалайтындар ақша үшін алаңдамайды. Себебі:
“Халықтың ақшасына кино түсіріп жүрген режиссерлер ештеңе жоғалтпайды. Пандемия болсын, кино өтпей қалсын, олар пайда табады. Бірақ бұл мәселе айтылуы керек, себебі олар халықтың ақшасын жаратып жатыр.
Олар 20 жылда мемлекеттік киноға шамамен 1 млрд доллар жұмсады. Пандемия кезінде 54 млн доллар бөлді. Орташа есеппен жылына 50 млн доллар бөлінді дегеннің өзінде, 20 жылда 1 млрд доллар. Бұл уақытта мұндай ақшаға 10 “Аватар” түсіруге болар еді. Голливудтың акциясын немесе Warner Brothers-тің 30 пайызын сатып алуға болар еді”, – деп мәлімдеді Қоянбаев.
Көптеген БАҚ өкілдері Қоянбаевқа “Киноны қалай жеңіл әрі жедел түсіресіз?” деп сауал жолдайды екен. Алайда сырт көзге солай көрінгенімен, Қоянбаев бұл салада да қиыншылықтар жетіп артылатынын атап өтті.