Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бетпердені шешу үшін қанша қазақстандық вакцина салдыруы керек екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол адамдарға оқшаулану режимінен шығуға мүмкіндік беретін жалғыз шара – вакциналау екенін атап өтті.
“Әрбір азамат өзін қауіпсіз сезінуі үшін халықтың кемінде 60 проценті вакцина алуға тиіс. Сол кезде ғана ұжымдық иммунитет пайда болады. Осыдан кейін, әрине, бетперде режимін алып тастау мүмкіндігі қарастырылады”, – деді Цой халыққа есеп беру кездесуінде.
Министр қазақстандықтар вакциналау науқанына белсенді қатысып, ұжымдық иммунитеттің түзілуіне үлесін қосатынына үміттенетінін жеткізді.
Қазақстанда 1 ақпанда коронавирусқа қарсы вакциналау басталды.
30 сәуірдегі жағдай бойынша 1 184 124 адамға вакцинаның бірінші компоненті егілді, екінші компонент 239 965 адамға салынды.
Бүгінде қазақстандықтар ресейлік “Спутник V”, отандық QazVac және қытайлық Sinopharm вакциналары арасында таңдау жасай алады.
Цой қытайлық препарат Қазақстанға бүгін жеткізілетінін мәлімдеді.