Қазақстанда

Ақмоладағы жойқын жарылыстан 12 жасар бала көз жұмды

«Ақмола облысының Шортанды ауылында газ баллоны жарылысы салдарынан зардап шеккен 2009 жылы туған бала 20 қараша күні кешке көз жұмды.

Бұл туралы «Стан.кз» мәлім етті. Айта кетейік, бала елордалық ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілген. Ол дереу жансақтау бөліміне жатқызылды. Денесінің термиялық күйігі 70 пайыз болды. Сондай-ақ өте ауыр дәрежедегі күйік шогы да байқалды», – деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіндегілер.

Ведомствоның айтуынша, барлық жүргізілген емдеу шараларына қарамастан, жансақтау бөлімшесінде болған науқасты құтқару мүмкін болмады.

«20 қарашада баланың жүрегі тоқтады. Жансақтау шаралары аясында жүрек қызметі қалпына келмеді. Сағат 21:00-де биологиялық өлім тіркелді. Бланың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз», – деді ведомстводан.

Ведомствоның мәліметінше, зардап шеккен тағы үш баланың бірінің жағдайы ауыр.

«Үш баланың бірі 60 пайыз күйік алған, жағдайы өте ауыр, жансақтау бөлімшесінде жатыр. Өткен аптада тағы екеуі бейінді бөлімшеге ауыстырылды, онда барлық қажетті ем алып, дәрігерлердің бақылауында болады. Балалардың жағдайы тұрақты, динамикада нашарлаусыз», + түйіндеді Нұр-Сұлтан қаласы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіндегілер.

Айта кетейік, 16 қараша күні Ақмола облысының Шортанды кентінде газ баллоны жарылып, 3 адам көз жұмды, тағы он адам ауруханаға түсті. Оқыс оқиға түнгі сағат 22:00 шамасында Шортанды кентінде Линейная көшесіндегі үш пәтерлі барак үйде болды. Жарылыстан кейін 3 пәтер өртеніп, оның бір бөлігі құлады.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button