Site icon Ақпараттық-танымдық портал

Бақыт қайда барасың? Ата-анасын сыйлаған, ұйымшылдық ойлаған, тату жанға барамын…

internacionalkopirovanie

Біз бүгін ашық аспан астында тату-тәтті тірлік кешіп отырмыз. Осындай бағалы байлық, берекелі бірлік бастауын қайдан алады? Бір сәт ойланып көрдік пе?! Осы орайда, біз Атырауды өз үйіндей көрген ұлт өкілдерін сөзге тартып көрген едік…

Зелимхан ЗУБАРИЕВ:

– Біз ортақ тарихы, ортақ тағдыры бар біртұтас халыққа айналдық. Мейлі, орыс болсын, өзбек не шешен болсын, осы туған жерін жан-тәнімен жақсы көріп, елінің патриоты болуға асықса, алға қойған ортақ мақсаттарымыз да орындалады. Мен Атырау жеріне 16 жасымда келіп, Исатай ауданы, Аққыстау ауданына қоныс теуіп, отбасын құрып, ұрпақ сүйдім. Аллаға шүкір, бүгінде біздің ата-тегіміздің алтыншы ұрпағы жалғасуда. Бұл ең алдымен, қазақтың қонақжайлылық, бауырмалдық секілді қасиеттерінің арқасында болса, екіншіден, бізді бір шаңырақ астына біріктірген Елбасының төл туындысы – Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының нәтижесі.

Ұлтаралық тақырып – тым нәзік мәселе. Сол себептен, осы бірлік пен бірегейлік мәселесінің нақты, практикалық жағына да үнемі назар аударған жөн деп санаймын. «Қазақстандық патриотизм» ұғымы сонда ғана мәнді, мазмұнды болар еді. Жастарға үлгі бола білу қажет.

Әдетте, түрлі жиындар мен семинар, конференцияларда ұлтаралық достық, тыныштық, толеранттылық мәселелері айтылып жатады ғой. Ол дұрыс. Бірақ, адамдар шынайы өмірде бір-бірімен араласқанда ғана алауыздықтың жолы кесіледі. Аққыстау ауылында 40 жыл бірге тұрған көршіміз бар. Екі үйдің келіндері бір-бірімен абысын болып, үлкендерге келін болып, тату-тәтті күн кешіп отырмыз. Бір әулеттің келініндей болып кетті. Олардың немерелері қыз бала болғандықтан, қызық көріп, менің немеремді алып кететін. Сондықтан, үлкен немеремнің тілі қазақша шықты. Шешен тілінде сөйлегенде шешен емес, басқа ұлттың өкілі сөйлеп тұрғандай әсерде боласыз. Жақын араласатын достарымның барлығы да – қазақтар. Мәселен, сазгер Самат Мәдиев ауылға ат басын бұрса, біздің шаңырағымызға соқпай кетпейді. Маған арнап «Зелимхан» деген күй де шығарды. Сөз жүзінде ғана емес, осындай «тірі» мысалдарды көріп өскен ұрпақ меніңше, достықтың маңызын шынайы сезіне алады. Өйткені, бауыр бауырға жамандық жасамайды.

Тәрбиені технология арқылы беру бөлек те, іс-әрекет арқылы дарыту мүлдем бөлек тақырып. Мәселен, бұл орайда ұлттық құндылықтар туралы айтуға болар еді. Қазақтың мақтана алатындай өзгелерге ұқсамайтын, кеңпейілділік, адамгершілік, қонақжайлылық пен бауырмалдық секілді ерекшеліктері бар. Ал, бұл құндылықтар бар жерде бірлігіміз баянды болады. Ешкімді қиындықта тастап кетпейтін осындай ұлттың қасиеттерін ұрпағы да бойына сіңіріп, онымен мақтана білуі қажет.

Осы өңірде туып-өскен ұлым мен қызым жоғары білім алып, әр салада еңбек етуде. Ал, немерем спорт десе жанын береді. Қайда жарысқа бармасын, достары қаумалап жанында жүреді. Сайысқа түссе, достары немереме болысып отырады. Міне, өскелең ұрпақ ұлтына қарамай тату болып өсіп келеді. Осылай араласып өскен бала ұлтаралық араздық туғызбайды. Толеранттылық, елдегі тыныштық деген осы болар, сірә!..

Гүлсина БАЙКЕНОВА:

– Қай ұлт болмасын, алдымен өз ұрпағының тәлім-тәрбиесіне баса көңіл бөлуі керек. Меніңше, отбасындағы тәрбиені мектеппен, қоғаммен ұштастыра білген жөн. Бүгінде бес жасар баладан бастап үлкендерге дейін ұялы телефонды пайдаланады. Жастар жағы әлеуметтік желіде көп отырады да өздерінің рухани жағынан баюын тежейтіндей жағдайға келді. Сондықтан, жаңа технология тіліне тәрбиені де енгізу керек. Өйткені, балалардың уақытының көбі осы интернетке үңілумен өтуде. Отбасы – ұрпақтар сабақтастығын жалғастырушы. Адам бойындағы асыл қасиеттерді қалыптастыруда рухани адамгершілік бастау болады. Әрбір отбасында сүйіспеншілік пен түсіністік мықты болса, қоғамның діңгегі де берік. Шаңырақта әуелі сезім мен сенім, сүйіспеншілік пен сыйластық болса, қандай жағдайда да өмірдің ащысы мен тұщысын бірге бөлісіп, бақытқа жете алады.

Қазақта «Ырыс алды – ынтымақ», «Тату үйге тақсірет жоламайды» деп бекер айтылмайды ғой. Қазақстан – біздің ортақ үйіміз! Береке мен бірлікке, қуаныш пен салтанатқа толы үй қай кезде де қымбат болатыны даусыз. Алыс жолға шықсам, туған елім – Қазақстанға тезірек жетуге асығамын. Сондайда жүрегімді туған елге деген сағыныш сезімі кернейді. Ел шебіне енген сәтте-ақ мен үшін қазақ жерінен өзге қымбат, әрі құтты мекен болмайтынын анық сезіне бастаймын.

Мен Қазақстан жерінде, қазақ топырағында, дәлірек айтсам, Маңғыстау өңірінде өмірге келдім. Бес жасымда ата-анамның жұмыс бабымен Қырғызстанға қоныс аударып, мектепте оқыдым. Кейін Бішкектегі хореографиялық училищені бітірдім. Қазақ, қырғыз тілдерін жақсы меңгердім. Адам өзінің тағдыры қалай қалыптасарын алдын-ала болжай алмайды ғой. Мұны жұмысымды Ресейдің Челябі қаласында бастағаныма байланысты айтып отырмын. Ал, 1992 жылы Қазақстанға қайта оралғанда қатты қуандым. Өйткені, менің кіндік қаным қазақтың жерінде тамды емес пе?! Оның үстіне қазақ пен татар халқының бір-бірімен туыстық байланысы бар.

Халықтарымыздың тамыры бір, дініміз де бір, тіліміз де ұқсас, түркі жұртының балаларымыз ғой. Тіпті бабаларымыз бір-бірімен қыз алысып, қыз берісіп, құдандалы да болған. Мұның бәрі – бүгінге дейін екі халықтың арасындағы туыстық, достық байланыстардың ұрпақтан ұрпаққа жалғасын таба беретінінің дәлелі. Бұл өмірде адамдардың татулығынан, достығынан қымбат нәрсе жоқтығын балаларымның құлағына өзім де құйып келемін. Өзім жетекшілік ететін «Татулық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігі өткізетін шараларда бас қосатын Атыраудағы үлкендеріміз де жастарға осындай өсиетін әрдайым айтып келеді. Себебі, Қазақстанның әр өңірінде бірнеше ұлттың өкілі тату-тәтті тұрмысын жалғастыруда.

Әбілсейіт МҰҚТАР, тарихшы:

– Қазіргі жаһандану заманында әлем сапырылысып жатыр. Баяғыда көп адам туған жерінен шықпайтын еді. Бүгінде өмір сүруге қолайлы елді таңдау адамдардың еркінде. Бизнесіңді жасайсың ба? Балаңды оқытасың ба? Ғылыми жұмыспен айналысасың ба? Барлығына мүмкіндік берілген. Шынында да, Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылғы 1 наурызда Президент Жарлығымен құрылған бірегей институт екендігіне, 136 ұлт пен ұлыс өкілдерінің елімізде достық, татулықта тіршілік кешіп жатқанына ешкім қарсы дау айта алмас. Содан бергі өткен көп жылдық тарихында Ассамблея қарқынды дамып, елеулі өзгерістерді бастан кешірді. Біз бүгінгі күнге дейін ешбір ұлтты дініне, діліне, тіліне бөлмей, бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүрудеміз. Қос палаталы Парламент қабырғасында талқыланып, Елбасымен қабылданып жатқан Заңдардың өмірге келуіне өзге ұлттың өкілдері де үлестерін қосуда.

Қазақстан халқы Ассамблеясы бүкіл әлемге Қазақстанның этносаралық қатынастар саласында жүргізіп отырған саясатының табысты екенін паш етіп келеді. Жалпы алғанда Ассамблея жұмысының арқасында біздің елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі, әрбір азамат этникалық және діни ерекшелігіне қарамастан Конституцияда кепілдік берілген  құқықтары мен бостандықтарын толық пайдалана алатындай ерекше сенім, ынтымақ, өзара түсінік ахуалы қалыптасты. Республикада барлық этностар мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Бізде Достық үйі, әр ұлттың этномәдени орталықтары ашылып, жұмыстарын жасауда. Қазақ тілін өзге ұлттың өкілдері меңгеріп, ана тілін білмейтін бауырларға үлгі көрсетіп жатса несі айып? Немесе қазақ баласы грузиннің «Лезгинкасын» билеп, орыстың, татардың халық әндерін шырқап жатса, ешкімге оғаштау көрінбес. Ал, керісінше, қазақтың ән-биін өзге ұлттың баласы нақышына келтіре орындап жатса, қандай ғанибет!

Р.S.:

Қорыта келгенде, біз нәсіліне, ұлтына қарап бөлінбейтін, тарихи жолмен қалыптасқан біртұтас халыққа айналдық. Ғаламдық дағдарыс ушығып тұрған сәтте бұл байлығымызды сақтап қалу аса маңызды. Жастар аға буын өкілдерінен ұлағатты тәрбие алуы қажет. Ал, ол үшін жастар тәрбиесіне әр отбасы аса мән беруі, ұлттық құндылығын ұрпағының бойына сіңіре білуі тиіс. Сондай-ақ, өскелең ұрпақты қоғамдық еңбекке баулу да – аса маңызды мәселе. Біз тұтас халық болып осы қоғамдық институттың қорын байытып, тәжірибемізді одан әрі тереңдете түсуге тиіспіз. Өйткені, бірлігі жарасқан елдің ғана озатынын қазақстандық тәжірибе дәлелдеп отыр.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Exit mobile version