Қазақстанда

Бірінші курс студенті өзіне қол жұмсады

Telegram-арналардың бірінде Қазақстан-Британ техникалық университетінің студенті қайтыс болғаны туралы ақпарат жарияланды. Университет әкімшілігі аталған оқиғаны растады.

Qumash арнасына IT факультетінің бірінші курс студенті қайтыс болғаны туралы ақпаратты университеттің студенттері хабарлаған. Арнаның анықталмаған деректеріне сәйкес, студент жазғы семестрге қалғаны үшін өзіне қол жұмсаған. Марқұм жігіттің қатарластары «Мұғалімдер оқуды тозаққа айналдырды, бұл соның нәтижесі» деген.

Orda.kz журналисі ҚБТУ әкімшілігіне хабарласып, оқиғаның мән-жайын сұрады. Университет өкілдері аталған жағдайдың 5 желтоқсан күні болғанын және істі құқық қорғау органдары анықтап жатқанын жеткізді.

«2021 жылғы 5 желтоқсанда Алматы қаласында 2003 жылы туған жас жігіт қайтыс болды. Марқұм ҚБТУ университетінің студенті болды. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары қайғылы оқиғаның себептері мен мән-жайларын анықтап жатыр. Университет ұжымы марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. ЖОО әкімшілігі студент отбасына барлық қажетті көмекті көрсетеді» делінген ҚБТУ әкімшілігі хабарламасында.

Алматы қаласының полиция департаменті аталған факті ҚР ҚК 105 бабы (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелгенін хабарлады.

«Қылмыстық істі Бостандық аудандық ПІБ жанындағы полиция бөлімі тергеуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Мән-жайларды анықтауға бағытталған іс-шаралар кешені жүргізілуде» делінген Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі редакцияға жіберген хабарламада.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button