Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов екі айға қамауға алынды.
“ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен 2 айға қамауға алынды”, – делінген елорданың тергеу сотының хабарламасында.
Айта кетсек, 6 қаңтарда Мәсімов уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Мемлекетке сатқындық жасаушылар 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Кәрім Мәсімов 5 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткізген Қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысқан болатын. Ол кезде Мәсімов әлі Ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы болды.
Қауіпсіздік қызметінің кеңесінен кейін Кәрім Мәсімов Алматыдағы тәртіпсіздік пен антитеррористік операцияға байланысты отставкаға жіберілді.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жаңа басшысы болып 55 жастағы Ермек Сағымбаев тағайындалды.
Кәрім Мәсімов екі рет Қазақстанның премьер-министрі қызметін атқарды (2007—2012, 2014—2016), сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаевтың көмекшісі болды (2003-2006). Президент әкімшілігін басқарды (2012-2014). Ұлттық қауіпсіздік қызметінің генерал-лейтенанты шені бар.