Қазақстанда енді оқушы қыз балаларға мектепке орамал тағып келуге рұқсат берілуі мүмкін. Білім және ғылым министрлігі ата-анасы орамал тағуға тыйым салғандықтан мектепке баруға рұқсат бермей отырған оқушыларға қатысты ережені жеңілдетпек, depti Stan.kz ақпарат агенттігі.
Министр мектептерде орамал тағу мәселесі үнемі көтеріліп келе жатқанын, тек Қазақстанда ғана емес, басқа да елдерде осыған қатысты талқылау жүріп жатқанын атап өтті.
“Бірақ Қазақстан зайырлы мемлекет, мектеп те зайырлы мекеме. Сонау 2016 жылы қабылданған бұйрық бар, талаптар да бар. Дегенмен, әр түрлі топтардың инклюзивтілігін қамтамасыз ету маңызды екенін көріп отырмыз. Мысалы, біз ата-анасы бас киім кие алмағандықтан мектепке бара алмай жүрген қыздардың мәселесін қарастыра алар едік. Осы себептердің әсерінен балалар мектепке бармаса немесе қашықтан оқуға көшуге мәжбүр болса, бұл кері әсер етеді, ал біз инклюзивті қоғам болуымыз керек” деді Асхат Аймағамбетов.
Айта кетейік, 2016 жылы Білім және ғылым министрлігінің “Орта білім беру ұйымдарының міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы” бұйрығы шыққан болатын. Құжатқа сәйкес, мектеп формасына пиджак, шалбар, жейде және белдемше кіреді. Мектепте орамал тағуға тыйым салынады. Талапты орындамағандар үшін айыппұл қарастырылған.
Дегенмен бұл ережелер ата-аналар арасында наразылық тудырды. Орамал тағуға тыйым салынғандықтан кей оқушылар ресейлік онлайн мектептерден білім ала бастаған еді.