Президент қарыз алушыларды қолдауды тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айында Алматыда болған атыс туралы пікір білдіре отырып, қарыз алушыларды қолдау шараларын қабылдау қажеттігін айтты.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі мәлім етті.

«Қыркүйек айында Алматыда мәжбүрлеп көшіру кезінде қоғамымызды дүр сілкіндірген қайғылы оқиға орын алды. Бұл еш себеппен ақтап алуға болмайтын қылмыс. Біз барлық мәселелер қатаң түрде заңға сәйкес шешілуі керек құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз.Өз бетінше жаза құрастыруға ешкімнің құқы жоқ. Бұл қайғылы жағдай қарыз алушылардың қарыз міндеттемелерін орындамау мәселесін жүйелі түрде шешу қажеттігін, мүлікті алу мен іске асырудың жетілмегендігін, ашық еместігін, банктердің кепілге салынған жылжымайтын мүлікті дұрыс бағаламауын көрсетеді», – деді Қазақстан Президенті ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысында. 

Бүгінгі таңда Қазақстанда 540 мың адамның 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар. Жалпы көлемі – 354 млрд теңге. Осыған байланысты президент қаржы секторына нұқсан келтірмей қарыз алушыларды қолдау шараларын қабылдау қажеттігін айтты. 

«Қаржы секторына зиян келтірмей, қарыз алушыларды қолдау үшін сараланған шаралар қабылдау қажет. Екінші деңгейлі банктердің кепіл саясаты икемділігін қамтамасыз етіп, бағалау қызметін реттеуді күшейту керек. Қарыз алушыға кепілдегі мүлкін мәжбүрлеп өндіру шарасы қолданылғанға дейін үш ай ішінде өз бетінше сату құқығын беру керек…Егер қарыз алушының сатылған мүлігі негізгі борышты өтеуге жетпесе, қалған берешек есептен шығарылуы керек. Егер мерзімі өткен берешектің мөлшері оның бағалау құнының 15%-ынан аз болса, кепіл мүлкін өндіріп алуды шектеу қажет. Ал мерзімін өткізіп алу – 6 айдан аспауы керек. Бірақ бұл үшін борышкердің басқа мүлкі болмауы керек және табысы ең төменгі айлық есептің көрсеткіштің екі еселенген мөлшерінен аспағаны жөн», – деді президент», – деді Тоқаев.

Сондай-ақ Тоқаев аукциондық сауда-саттықтың ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету қажет екеніне тоқталды.

«Аукционға шығарылған кепілдегі мүлік бағалау құнының 70%-інен төмен бағаға сатылмауға тиіс. Мұндай сауда-саттыққа кепіл ұстаушыларды, яғни банктерді, олардың қызметкерлерін, үлестес және сенімді тұлғаларын жіберуге болмайды. Сауда-саттыққа борышкер мен жақын туысқандарының бір мезетте қатысуын болдырмау керек», – деді Тоқаев.

Бұдан бөлек, ол бағалаушыға қойылатын талаптарды қатаңдату керек екенін атап өтті. Айтуынша, олардың жұмыс тәжірибесі үш жылдан кем болмауы керек. Сонымен қатар бағалаушылар әр үш жыл сайын біліктілікті арттыру курстарынан өтуге тиіс.

Тоқаев үкімет пен ұлтттық банкке жыл соңына дейін тиісті заңнамалық нормалар пакетін әзірлеуді тапсырды.

Естеріңізге сала кетейік, 20 қыркүйек күні Алматының Алатау ауданындағы Ақбұлақ ықшамауданында бес адамның өлтірілгені туралы белгілі болған. Ресми деректерге сүйенсек, сот шешімін орындаушылар екі адамның меншік құқығына қатысты дауға байланысты күдіктінің үйіне келген. Сот шешімін естіген азамат үйінен  қару алып шығып, сот орындаушысына, учаскелік полиция инспекторларына және аулада болған басқа адамдарға қарудан оқ жаудырды. Нәтижесінде бес адам көз жұмған. Оның ішінде үйдің жаңа иесі мен тағы бір тұрғын бар.

Үйде әйелдер мен балалар болғандықтан күдіктіні арнайы жасақ қару қолданбай қолға түсірді. 

«Кісі өлтіру» және «Билік өкіліне шабуыл жасау» баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. 1967 жылы туған ер азамат 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Сонымен қатар Анаид Демирчан бұған дейін күйеуінің көгерген денесіне қатысты шағым түсірмекші болғаны жазылған.

Exit mobile version