Қазақстанда

«Қаным – шешен, жаным – қазақ!»

Қазақстанның көп ұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі – біздің еліміздің ең басты байлығы.  Қазақ қашан да бауырмал болды. Әр кезеңдерде елімізден пана іздеп келген «өзге ұлттардың бәрін бауырына басып, төрінен орын беріп, қандай қиын кезеңдердің өзінде бір үзім нанды бөліп жеді. Сөйтіп, қаймағы бұзылмаған қазақ жері көпұлтты мемлекет болып шыға келді. Бүгін елімізде 136 ұлт пен ұлыстың өкілдері бір тудың астында тату-тәтті ғұмыр кешуде. 

Бейбітшілік пен бірліктің берекелі ордасына айналған еліміздің іргесінің берік болуы ондағы өмір сүрген әр шаңыраққа байланысты. Өңірімізде тәуелсіз еліміздің тірлігіне тілеулес болып, Қазақстанды туған Отанындай санайтын түрлі ұлт өкілдерінен құралған отбасылары да бар. Бір шаңырақтың астында бір ұлттың баласындай болған олар өзара түсіністікпен, сыйластықта өмір сүруде. Солардың бірі – облысымызда «Вайнах» шешен-ингуш ұлттық мәдени орталығының төрағасы қызметін атқарған Сейтамин Ақаевтың отбасы. Сейтамин аға – сонау соғыс жылдарындағы зұлмат кезінде Жайық жағалауына жер аударылып келген шешен ұлтының өкілі. Қара нанды қақ бөліп берген қазақтардың қайырымдылығын әркез айтып жүретін аға қазақ қызына үйленіп, жапырағын жайған.

–  Қазақстанға 1968 жылы аласапыран уақытта келдім. Құшақ жая қарсы алған қазақ жерінің Батыс Қазақстан облысы Үшқұдық ауданына қоныс теуіп, жұмыс жасадым. Қандай болсын жұмысты талғамадық, қамыс орып, кез-келген іске білек сыбана кірісе кететінбіз. Жұбайыммен Атырауда (сол кездегі Гурьев) танысқан болатынмын. Бағыл деген қазақтың сұлу аруы мені бір көргеннен-ақ баурап алды. Содан осы аймақта тұрақтап қалуыма тура келді, –  деп бір күліп алды әңгіме барысында Сейтамин ағай.

Облысымызда шешен, ингуш, орыс, башқұрт ұлттары мәдениетінің дамуына, бүгінгі күнге дейін салт-дәстүрлерінің сақталуына айтарлықтай атсалысқан Сейтамин Ақаев – сегіз ұл, бес қыз тәрбиелеген үлкен шаңырақтың иесі. Бүгінгі күні жұбайы Бағыл апа екеуі тәрбиелеп өсірген ұл-қыздары ержетіп, бас-басына үй болып, сан салада қызмет етуде. Бұл шаңыраққа бір қазақ қызы, екі орыс, екі шешен қызы келін болып түсіп, өз отбасыларының отын түтетіп отыр. Балаларынан 17 немере, бес жиен сүйген Сейтамин ағаның ендігі арманы – елінің тыныштығы.

– Елбасы саясаты – республикадағы барлық халықты біріктіретін саясат. Ешкім ұлтына қарай бөлінбейді. Әркімнің өз тілінде сөйлеуіне құқы бар. Бірақ, біз – біртұтас халықпыз. Атыраулықтар да – соның бір бөлшегі, – дейді ол.

Түрлі ұлт өкілдерінен құралған үлкен шаңырақтың иесі Сейтамин Ақаев отбасы мүшелерінің барлығы қазақ тілінде сөйлеп, ұлттық салт-дәстүрлер мен мерекелерге, ас мәзіріне де ерекше ынта қойып, құрметпен қарайтындарын айтады.

Берік отбасының басты қағидасы – татулық. Көпұлтты жанұя бола тұра, ұлттық құндылықтарын жоғалтпай, бейбітшілікті жоғары бағалайтын осындай отбасылар  мемлекетіміздің мықты тірегі саналады.    

Амандық АБДОЛ

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button