Қазақстанда

Бейбітшілік және келісім сарайын жарғысы келген кімдер?

2012 жылдың желтоқсан айында ҰҚК «Қарлы боран» операциясын сәтті жүзеге асырды.

Сол уақытта ел арасында «Пирамида» аталып кеткен Бейбітшілік және келісім сарайын лаңкестердің жарғысы келетіні туралы құпия ақпарат келіп түскен. Express Qazaqstan ҰҚК деректері негізінде аталған оқиғаны назарларыңызға ұсынады.

2012 жылы радикалдардың арам пиғылдары белгілі болған сәтте ҰҚК оларды бірден ауыздықтаудың амалын жасады. «Бауырлар» жарылыс жасаумен бірге, ҰҚК-нің қызметкерлері мен мемлекеттік қызметкерлерді өлтіруді жоспарлаған еді.

«Радикалдардың жарылыс жасауға дайындалып жүргені туралы ақпарат ҰҚК департаментіне жаңа жылдың алдында келіп түсті. Жеделхатпен келген соңғы ақпаратты тексеріп шыққан ҰҚК қызметкері Ерболдың алдында лаңкестердің сыбайластарының барлық байланыстарын анықтау және ең бастысы терактінің алдын алу міндеті тұрды.

Ербол үйге қайтар жолда лаңкестер туралы ойға батып, олардың кіммен байланысы болуы мүмкін деген сауалға жауап іздеп келе жатты.

Топ жетекшісі «Абдолланың» сонау Ауғанстандағы «Файзолла» деген содырмен телефон арқылы сөйлескені соңғы хабарламадан мәлім болды. Шетелдік күдіктінің есімі органдарға бұрыннан белгілі еді. Кезінде Қазақстаннан кетіп, Пәкістанның Уәзірстан өлкесіндегі лаңкестерге қосылған. Содан бері ол халықаралық іздеуде жүр. Енді ол Қазақстандағы жасырын радикалды бастауыш ұйымын тірілтуге тырысып бағуда. Ауыздарына пышақ тістеп тұрып, үш рет «Аллах Акбар» деп «байат» берген, яғни ант берген сыбайластары қашанда оның айтқандарын істеуге дайын тұрды.

Алты радикалдың ішіндегі «Абдолла» «әмір» қызметін атқарды. Барлығы дінге есі кете құлаған «адасқандар». «Әмірдің» кез келген бұйрығы мүлтіксіз орындалады. «Абдолла» мен «Файзолланың» жүргізген «ми тазалау» жұмыстары өз нәтижесін беріп жатты. Олардың бастарындағы бұған дейінгі адамгершілік қасиеттер адам танымастай өзгерді. Ойдан шығарылған діни қитұрқылар арқылы айналасындағы адамдарға деген жеккөрушілік сезімін тудыруға бар-жоғы үш ай кеткен.

«Абдолланың» өзі діни дәстүр бойынша үйленген. Ата-анасынан жасырын түрде қашып, хиджаб киіп, содырға тұрмысқа шыққан кездегі қалыңдығының жасы бар-жоғы он алтыда еді. Өзінің күйеуі мен топ мүшелері оны шаһид ретінде дайындап жатқандығын ол әлі білген жоқ-тын.

Осы кезде ҰҚК департаментінде де бұған қарсы құпия атауы «Қарлы боран» деп аталатын операция қызу дайындалып жатты. Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі жиналыстан кейін Ерболға топтың ішінен жансыз табу керек болды.

Уақыт тығыз болғандықтан бірден іске көшкен сенімді адам тапты. Алайда ол осы бір қауіпті іске көмектесуге көндіру оңай шаруа бола қояр ма екен. Ербол отызға жуық іс қағаздарын қарап шықты. Бұлар «Файзолланы» баяғыда білген, баяғыда араласқан адамдар.

Арасынан біреуді таңдап алып, сонымен кездесуге барды. Әңгіме өте ауыр өтті. Сөйлескен адамы алтын берсең де мұндайға көмектеспейтінін айтты. Алайда Ербол оның бойынан намыс сезімін оятып, табыстың қол созым жерде тұрғанын және қасиетті іске сену керектігін айтып, оны көндіргендей болды. Оны топқа қосу жұмысы бірнеше күнге созылды.

Айтатын «аңызы», атрибуттары — барлығы қолда тұр. Қылмыскерлер ортасына кандидатты кіргізуге бәрі де дайын. Ендігі шаруа оны қалай таныстыру керек? Осы орайда бір оқиға өзінің сәтін салды.

Топ басшысы «Абдолла» оқу-жаттығуға арналған Калашников автоматын сатып алып, енді соны ұрыс қаруына айналдырып беретін сенімді адам іздестіріп жүргендігі белгілі болды.

Ербол осы сәтті тиімді пайдалана білді. Ойша жоспар жасалған соң әдеттегідей таңертеңгі уақытта «Абдолла» такси ұстап тұрды. Ал оған тоқтаған такси Ерболдың адамы еді. Жол-жөнекей такси өзі жасап, өзі қайраған, сәнді оюлары бар пышағын көрсетіп мақтанды. «Әмірді» таксишінің өнері қызықтырғандай болды. Ары қарай барлығы май жаққандай сырғи бастады. «Абдолла» одан көмек сұрап, әңгіме барысында олардың ортақ танысы бар екендігі белгілі болғанда, «Әмір» оған тіпті сене түсті, сеніміне кіргені сонша, шеберді өздерінің «амолиеттеріне» қатысуға шақырды (Алланың разылығы үшін жасалатын іс-қимыл).

Қысқа мерзім ішінде Ербол топ ішіндегі дереккөзі арқылы топ мүшелерінің көршілес елден қару-жарақ сатып алу үшін шұғыл түрде қаржы іздеп жүргендіктерін білді. Олардың тіпті сол жаққа барып, арсеналды алып келетін тасымалдаушы да дайын екен. Қаруды қалаға қалай алып келеді, сол күні олар террорлық акті жасауды жоспарлады.

Жарылыс жасаған соң радикалдар Қазақстан-Қырғызстан шекарасынан өтуді жоспарлап, әрі қарай өздері арман еткен жерлері — Сирияға бармақшы еді. Олардың қай жерге жиналып, қай жерге қару-жарақты жасыратындығын Ербол уақытылы біліп отырды.

Сәтін салғанда күтпеген жерден «Әмір» тасымалдаушыны ауыстырып жіберді. Осылайша Ербол дайындаған жігіт тасымалдаушы болып тағайындала кетті. Жаңа тасымалдаушы жауапты іске аттанды. Бұл уақытта жедел қызметкерлердің қаладағы «құлақ-көзсізі» болмады. Қырсық болғанда жергілікті содырлар бақылаудан шыға бастады.

Терроршыларды іштен бақылайтын адам болмағандықтан Ербол терроршылардың арасына өзі кірді. Тыңғылықты дайындалғаны сонша, сақалын өсірді. Тасымалдауға кеткен жігіттің досы ретінде еш қиындықсыз олардың бандасына қосылады.

Ербол қателескен жоқ еді. Өйткені «Абдолла» зергерлік дүкеннен барлық құнды заттарды ұрлауды, осы арқылы қару-жарақ ақысын төлеп, қаржының бір бөлігін «Имарат Кавказ» содырларына жіберуді және Сирияға баруды жоспарлап отыр екен. «Әмір» осындай ойын сыбайластарына айтып, дүкенді тонау керектігін айтты.

Радикалдар үнемі бірге жүрді. Аңдудан қауіптеніп, мешітке бармады. Өздерінің ұстаздарының басшылығымен намазды қатаң түрде оқып тұрды. Түнде бір бөлмеде ұйықтады. Түн ортасында Ербол әлдекімнің тықырлаған дыбысынан оянды. Ақырындап қараса, «бауырларының» бірі мұның сөмкесі мен киім-кешектерін ақтарып жатыр екен. Тыңдау құрылғыларын іздеп жатқандығын бірден түсіне қойды. Ештеңе таппаған соң орнына барып, қайта жатты.

Таңертең «бауырлар» тонау мен терактіге байланысты дайындықтарын қайта бастады. Олар мешіттегілердің бәрін атуды, полиция қызметкерлеріне шабуыл жасауды немесе көшедегі жүргіншілерді өлтіруді ұсынды. Алайда олардың басшылары алғашқы жоспарды өзгеріссіз қалдырды: шаһид әйел Бейбітшілік және келісім сарайына барып, сол жерде жарылғыш құралды іске қосуы керек.

Бұдан кейін зергерлік дүкенді тонау кезіндегі рөлдерін бөлісті. Ерболға, топтағы ең жас жігіт ретінде, негізгі тонаушымен бірге үй-жайдың ішіне кіруді сеніп тапсырды.

Бір күні барлығының ұялы байланыс телефондарын жинап алды. «Бұл біздің қауіпсіздігіміз үшін! «Бауырлар, біз өзімізді сақтауымыз керек!» — деген әмір оларға жаңа сим-карталар берді. «Әрбір 2 күн сайын ауыстырып тұрыңдар!» деп бұйырды.

Қызық болғанда астанада террорлық шабуыл жасалғалы жатқандығы туралы ақпарат шетелдегі дереккөздерінен келіп түсті: «Жақын арада қалада теракті дайындалуда. «Файзолланы» Қазақстандағы жарылыстар бойынша басшы етіп тағайындады».

Жарылыстың қалай жасалатындығы, орындаушыларының кім болатындығы, нақты қай күні болатындығы туралы ештеңе айтылмаған. Шетелмен хабарласып, анықтайтын уақыт та жоқ.

Қалада терроршылардың тағы бір астыртын бастауыш ұйымы болуы мүмкін деген ой Ерболға тыныштық бермеді. Түнге қарай Ербол тәуекелге бел бумақ болды: басшының атынан «Файзоллаға» тікелей хабарласуды ойластырды. Бірақ оны қалай істеу керек? Содыр телефонын үнемі өзімен бірге ұстап жүреді. Тіпті оған пышақты қоса ұстайтындығы бар. Сәл қателесіп кетсе «Абдолланың» қолынан ажал құшуы ғажап емес. Өткен аптада сыбайластарының бірі намаздың бір сөзін арабша дұрыс айта алмағаны үшін қылқындырып, өлтіріп қоя жаздады. Амал жоқ, тәуекел!

Барлығы ұйықтап жатқанда жедел қызметкер «Әмірдің» кереуетіне еңбектеп барды. Жастықтың астындағы телефонды алып, жерде жатқандағылар арасынан өтіп, шығар есікке беттеген. Күтпеген жерден біреу аяғынан шап беріп ұстай алды. Ербол тұрған жерінде тас болып қатып қалды. «Су ішіп келем!», ұстаған қол босап сала берді, Ербол терең демалып, бөлмеден шықты.

Файзолланың нөмірін тауып, хат жазды. «Енді СМС жазу керек: «Бауырым, біз дайынбыз! Сұрайын дегенім, бұл қаладағы «бауырлар» тек біз ғана ма?» — басын өлімге тіккен Ербол адресатқа осындай хабарлама жіберді. Өздерінен басқа ешкім жоқ деген хабар алған соң Ербол терең демалды.

«Әмірдің» жоспары бойынша жаңа жыл зергерлік дүкенді тонайтын болды. Олардан таяқ тастам жердегі қараңғы үйде арнаулы қызмет жауынгерлері орналасты. Банда дүкенге енген мезетте олар «жұмысын» бастауды күтіп отырды.

23 сағат 58 минутта жаңажылдық отшашулардың тарсылдаған даусы мен жарқылдаған сәулесін «жамылып», радикалдар, әрі тонаушылар дүкенге басып кірді. Олардың бар істеп үлгерген ісі осы болды. «Орындарыңнан қозғалмаңдар, ҰҚК!» деген команда оларды жіпсіз байлады. Еденге тұмсық тіреп құлаған банда мүшелері қарсылық көрсету туралы тіпті ойлаған да жоқ.

Топтың жолы кесілгенімен, жедел дайындық тоқтамады. Осындай шараны қолданғандықтары дұрыс та болыпты, оған әсіресе көп ұзамай ҰҚК тергеу изоляторынан қару қолданып қашпақшы болғандардың жолы кесілгенде, барлығының көзі жетті.

Осы жерде эпилог керек екені сөзсіз: «Абдолла» тобының барлық мүшелері әртүрлі мерзімге сотталды. Комитет мамандары басшының әйеліне психологиялық көмек көрсетті.

Арада үш күн өткенде шетелде жүрген басты үйлестіруші «Файзолла» да ажал құшты. Ауғанстанның үкіметтік күштерімен болған қақтығыс кезінде шөл далада, ішінде терроршы отырған машинаға ұшқышсыз ұшақтың соққысы тиді».

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button