Қазақстанда

Қазақстан жолдары қазаннан бастап ақылы болмақ

«Қазавтожол» ұлттық компаниясының өкілдері мәлімдегендей, Қазақстанда 5 800 шақырым жол кезең-кезеңімен ақылы жүйеге көшіріледі.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Асқар Маратұлы айтты. Оның айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 5 800 шақырым автожолға төлем жүйелерінің 94 аркасы орнатылды. Бұдан басқа, ақы алу жүйесі тестілік пайдалануға енгізілді. Сонымен қатар, А.Маратұлы тасымалдаушылар тарапынан көптеген наразылық фактілеріне байланысты ақылы жүйені енгізу маусымнан күзге ауыстырылғанын атап өтті.

«Тасымалдаушылардың талаптары жолдарды тиісті сапаға келтіруге және тарифтерді төмендетуді қайта қарауға қатысты болды. Бірінші санаттағы жолдардың тарифі 2013 жылдан бастап өзгеріссіз қалады — ауыр жүк көлігі үшін 1 км шақырымға 5-тен 25 теңгеге дейін. Ал 2-ші және 3-ші санаттағы жолдар бойынша төлем төмендету коэффициентін қолдана отырып, жүк көлік құралдары үшін ғана алынатын болады», — деді Асқар Маратұлы.

Сондай-ақ, ол жалпы ұзындығы 5 800 км учаскелерді ақылы жол жүйесіне кезең-кезеңмен көшіру жоспарланғанын айтты. Бірінші кезеңде 1 қазаннан қарашаға дейін ұзындығы 1 800 км бірінші санаттағы учаскелер ақылы болады, қазіргі уақытта бұйрық жобасы «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасына (ҰКП) және қоғамдық кеңестерге келісуге ұсынылды, кейін тиісті мемлекеттік органдарға жіберіледі. Содан соң барып халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Брифингте айтылғандай, «Нұр-Сұлтан — Павлодар» (Шідерті ауданында 24 км қоспағанда), «Шымкент — Өзбекстан шекарасы», «Шымкент — Қызылорда», «Шымкент — Тараз», «Тараз — Қайнар», «Қапшағай — Талдықорған», «Нұр-Сұлтан — Көкшетау — Петропавл» жолдары ақылы болады. Екінші кезеңде, жыл соңына дейін ұзындығы 4 мың км болатын 2-ші және 3-ші санаттағы учаскелер дайын болады.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button