ҰҚК қызметкері Назарбаевқа қатты әсер еткен қылмыс туралы айтты

Сонау 1999 жылы шенеуніктер аппаратында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс белсенділікпен жүріп жатты. Бұл уақытта мемлекеттік және құқық қорғау органдарында күйреген КСРО-ның салдарынан енді арылып, бірқатар кең көлемдегі реформалар жүргізілді, жыл өткен сайын жұмыс пәрменділігін арттырып жатты. Алайда проблемалар да жетерлік еді…

Міне, сол кезде мемлекеттік материалдық және жұмылдыру резервіндегі жағдай менің назарымды аудартты. Ол жерде бір шикіліктің бар екендігін жас маманның ішкі сезімі айтып тұрды.

Есеп құжаттарының томдарын қырағылықпен, әрі тыңғылықты зерттей бастадым, нысанның жағдайын бағаладым, мемлекеттік мүлікке ревизия жасау туралы іс-шараларға бастамашы болдым. Әр саланың жауапты сарапшыларын қатыстыруға тырыстым. Қауіпсіздік органдарындағы тәжірибемнің аздығына қарамастан, бұл мәселені жүйенің тасасында қалдыруға болмайтындығын түсіндім.

Мұндай қызығушылық танытуымның сыры неде деп сұрайтын шығарсыз?

Астаналық пункттердің бірінде жанар-жағармай материалдарының көлемі бойынша қарастырылған жауапты сақтаудың жоқ екендігі туралы агенттен алған ақпарат алғашқы «қоңырау» болды. Ведомосттарда, басқа да инвентарлық құжаттарда барлығы орнында тұр, бірақ іс жүзінде онда ешқандай да жанармай жоқ. Мұндай салақтықтың немесе жемқорлықтың көлемі менің жағамды ұстатты, өйткені мұндағы жанармай төтенше жағдайлар кезінде немесе халықты жұмылдыру жұмыстары жүргізілгенде ғана қолданылуы керек болатын.

Кейінірек, алынған мәліметтерді қосымша тексеріп, мәліметтердің дұрыс екендігіне көз жеткіздім, бұдан кейін басқа материалдық құндылықтардың аражігін тексеруді ұйғардым. Талан-тараждың көлеміне күдігім артып, аталған мәселені зерттеу қажеттігі туралы тапсырмамды облыстардағы аумақтық бөлімшелерге жөнелттім.

Күн өткен сайын күдігім ұлғая түсті, дәлелдемелер келіп жатты. Мемлекеттік материалдық резервтегі болып жатқан былық жауапты адамдардың жұмысты құрдымға жібергендерін дәлелдеп тұрды, егер сындарлы жағдай туатын болса оның арты адам айтып болмас салдарға ұрындыратындығы сөзсіз еді.

Жағдай тек жанармаймен ғана шектеліп қалмады. Стратегиялық запастағы азық-түлікті әскери бөлімдерге қайта сату деректері белгілі болды (консервілер, макаронды өнімдер, жарма және басқалар). Тауарды жаңартуға қатысқан фирмалар тіркелгенімен, іс жүзінде ондай фирмалар мүлдем болмаған, яғни тек қағаз жүзінде ғана жұмыс істеген.

Мұндай мысалдардың шегі болмады.

Мен өскен отбасында үнемділік деген басты мәселе еді, сондықтан аталған деректерді түсіне алмадым. ҰҚК офицері ретінде ғана емес, сонымен бірге өз елімнің азаматы ретінде мұндай істің жалғасуына жол бере алмас едім.

Ол заманда экономиканың әртүрлі нысандарында сыбайлас жемқорлық деректері кездесіп тұратын. Бірақ сонау қиын-қыстау 90-шы жылдардың өзінде толықтырып, сақтауға тырысқан стратегиялық запасты талан-таражға салуды сыбайлас жемқорлар тарапынан төніп тұрған қауіп-қатер ретінде қарастырдым. Бұл қауіп-қатермен күреспекке бел будым.

Қолда бар материалдарды жинақтап, республикамыздың барлық облыстарында кең көлемді тексеру ұйымдастыруға басшылықтың рұқсатын алудың қажеттігін анық түсініп, белгілі болған деректер бойынша көлемді баяндама дайындадым. Департаменттегі менің алғашқы ісім мен үшін ардың ісі болды.

Тікелей бастығымның және жасы үлкен әріптестерімнің қолдауымен кешенді түрде арнайы және жедел-іздестіру іс-шараларын өткізуге санкция алынды. Жанар-жағар май сақтау пунктіндегі жетіспеушілік туралы материалдардан басталған менің тексеруім, соңында қылмыстық істердің қозғалуына негіз болды. Ол бір-біріне жалғасқан қылмыстық істердің алғашқысы еді.

Қысқа мерзім ішінде Қазақстанның әрбір аймағында мемлекеттік материалдық резерв нысандарын тексеруді ұйымдастыратын жұмыс топтары құрылды.

Барлық процестерді үйлестіріп отыру Орталықтан атқарылды, оған жетіспеушіліктер туралы анықталған барлық материалдар келіп жатты.

Арада жиырма жылдай уақыт өткеніне қарамастан, бұл ауыр кезең болды деп ойлаймын. Біз шын мәнінде жұмыста өмір сүрдік, «ұйқы», «демалыс» деген сөздерді ұмытып кеттік. Құжаттардың көптігі сонша, олар лек-легімен келіп жатты. Бізден оларды ұқыппен қарастыру, әрбірін өңдеу, түгендеу, қорытынды жасау және шешім қабылдау үшін басшылыққа баяндау талап етілді. Сонымен бірге процессуалдық жұмыс та жүріп жатты.

Бірнеше айдың ішінде жауапты сақтаудың жалпы саны 280 пунктін тексердік. Операция жай ғана кең көлемдегі емес, тіпті халықтық сипат алды – жедел  тапсырмаларды орындау үшін республика бойынша ондаған агент пен іске жаны ашитын адамдарды қатыстыруға тура келді.

ҰҚК-нің жас офицері ретінде бастаған жұмысымды көптеген қызметкерлер жалғастырды. 1999 жылдың жазында қылмыстардың жалпы нобайы көріне бастады. Біздің анықтағанымыз төмендегідей болды.

ҚР Мемлекеттік материалдық резерв комитеті басшылығының 1996-2000 жылдардағы қызметінің негізгі бағыты жоғалған материалдық құндылықтарды толықтыру және олардың сақталуына бақылау орнату болған.

Ал шенеуніктер бұл мәселені қағаз жүзінде ғана белсенділікпен шешіп тастаған. Шындығында бақылау дегеніңіз тіпті жүргізілмеген. Бұдан бөлек, қоймадағы сақтауда тұрған құндылықтар жеңіл сатылып, түскен пайдасын қалтаға басып алатын тауар ретінде қарастырылған. Жарамды тауарды жарамсыз тауар деп, немесе толығымен жойып жаңарту керек деп есептен шығарып отырған.

Нәтижесінде, қоймалар бос тұрды, ондағы бар өнімдер құнсыз болды, жұмылдыру немесе төтенше жағдай бола қалса халық пен мемлекеттің қажеттілігін қамтамасыз ете алмайтын еді. Мемлекеттік материалдық резерв нысандары археологиялық қазбалардан кейінгі шашылып жатқан «мысырлық мүрделерге» ұқсайтын.

«Астыртын бизнес» көлемінің екпіні мен арсыздығы, қазіргі «талаушылардың» ұятсыздығы мен тойымсыздығы тез арада шұғыл шара қабылдауды талап етті.

Біз батыл қадам жасап, Мемлекет басшысының атына хат дайындап, онда мемлекеттік материалдық резерв саласындағы жағдайды баяндадық және аталған дерек бойынша нақты шаралар қолданылмайтын болса, онда алдағы уақытта ұлттық қауіпсіздікке төнетін барлық қауіп-қатер айтылды.

Жіберілген ақпараттың жарылған бомба секілді әсері болды. Мемлекеттік материалдық резерв қоймаларында болып жатқан былық туралы адам шошытарлық деректер Қазақстан Президентіне де қатты әсер етіп, біздің жұмысымыз жоғары бағаланды. Үкіметтің кезекті бір мәжілісінде қалыптасқан жағдайды айтып, шенеуніктерді сын тезіне алды.

Бұл біздің тамаша жеңісіміз еді. ҰҚК ең жоғары деңгейден алдағы іс-қимылдарға «қолдау» алған соң, департамент басшылығы барлық кінәлі адамдарды ұстап, жауапкершілікке тарту бойынша кең көлемді арнайы операцияны бастау туралы шешім қабылдады.

Біз бір минут уақытымызды жоғалтпай, қылмысқа қатысқандарды «іздері суымай» жатып ұстадық. Бірнеше аптаның ішінде жедел-тергеу топтары

Алматы мен аймақтарда ұстау жұмыстарын жүргізді. Біреулерін тура жұмыс орындарындағы кабинеттерінде, екіншілерін тұрғылықты жері бойынша ұстадық, кейбіреулерін тергеуден қашуға тырысып жүргенде құрықтадық. Сол күндері көптеген шенеуніктер мен күдікті бизнесмендер қолдарына тағылған кісеннің ызғарын сезінді.

Біздің жұмысымыз қайнап жатты. Құжаттарды алу және айғақтарды тіркеу бойынша жүргізілген іс-шараны ондаған жедел қызметкерлер мен тергеушілер атқарды. Банктердегі шоттар тұтқындалып, бірнеше миллиондаған келісімдер кейінге қалдырылды.

1999-2003 жылдар аралығында ҰҚК Экономикалық қауіпсіздік департаменті мемлекеттік мүлікті теріс пайдалану мен талан-таражға салу деректері бойынша барлығы 37 қылмыстық іс қозғады. Материалдық құндылықтардың жетіспеушілігінің жалпы сомасы 160 миллион теңгені құрады (1991-1992 жылдардағы баға бойынша, орташа нарықтық баға бойынша бағалағанда аталған сома 1000 есе, тіпті одан да жоғары өскен болар еді). Орта деңгейдегі басшылармен қатар Мемлекеттік материалдық резервтің қазіргі төрағасы мен бұған дейінгі екі басшысы түрмеге қамалды.

Алдағы уақытта мұндай оқиғалардың алдын алу үшін заңнамаға айтарлықтай өзгерістер енгізілді.

Қабылданған шаралар жауапты сақтау саласында жаңа жүйені қалыптастырып, Қазақстан резервінің жасақтау және сақтау процестерін одан әрі дамытуға әсер етеді деп үміттендім.

Болашақтағы жағдайды айтпаған күннің өзінде, бұл бағыт қашанда ҰҚК бақылауында болатындығын сезіндім. Тіпті мен зейнеткерлікке кетсем де, менің әріптестерімнің келесі буыны мемлекеттік резервті сақтау бойынша жұмысты жалғастырып, жаңа «талаушылардың» пайда болуына жол бермейтіндігіне сенімдімін.

Демек, менің ісім жалғаса беретін болады.

«Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті»

Exit mobile version