Қазақстанда

Тоқсан жастағы зейнеткерді үтікпен басып, кейін буындырып өлтірген…

Ақтөбеде 90 жастағы кейуананы қинап өлтіргендердің бірі Шымкенттегі ИЧ 167/4 қатаң режимдегі әйелдер түрмесінде жазасын өтеп отыр.

Осыдан бес жарым жыл бұрын темір торға тоғытылған әйел арақтың буымен шайтан түрткіледі дейді. Қасында азаматтық некедегі күйеуі болған. Оқиғаның қалай болғанын Express Qazaqstan тілшісіне айтып берген жазасын өтеуші марқұмның туыстары кешіргенімен, Алланың жазасынан қорқатынын жеткізді.

46 жастағы Гүлжан (есімі өзгертілді — ред) 2016 жылдың ақпанында Ақтөбеде болған қанды оқиға бойынша жазасын өтеп отыр. Сот үкімімен оның қасақана адам өлтіру, қарақшылық шабуыл баптары бойынша қылмысы дәлелденген.

Гүлжан балалар үйінде өскен. Бұған дейін ұрлық жасағаны үшін үш рет сотталған. Алғаш рет дүкеннен алма мен шырын, киім-кешек ұрлап, төрт жылға қамалады. Ол кезде жасы небәрі 14-те болған. Бостандыққа шыққан соң Ақтауда кондитерлік фабрикаға жұмысқа тұрады. Сонда жүріп, қылмыстық топқа қосылады. Бұл жолы дүкеннің касса апаратына қол салады. Сөйтіп, тағы да темір торға тоғытылады. Гұлжан екі рет сотталса да, жоқшылықтың кесірінен ұрлыққа тағы барған. Бұл жолы сот үкімімен 5 жылға қамалады. Пойызбен Қарағандыдағы түрмеге жеткізіледі. Сол кезде 1966 жылы дүниеге келген кәнігі қылмыскермен танысады. 2010 жылы бостандыққа шыққан Гүлжан екі жылдан соң түрмеде танысқан сол адаммен кездесіп, азаматтық некеге тұрады.

Ақтөбеден 70 шақырымдық жердегі ауылда құс шаруашылығымен айналысады. 2013 жылдың 30 қаңтары күні күйеуімен бірге Ақтөбе қаласына құстың жем-шөбін алуға келеді.

Теміржол вокзалы аумағынан екі күнге пәтер жалдайды. 31 қаңтарда азық-түлік алу үшін дүкенге шыққан олар аулада зейнеткер әйелмен танысады. Кейуана жалғыз өзі тұратынын айтыпты. Аз-кем әңгімелескеннен кейін жалдаған пәтеріне беттеген. Келген соң ерлі-зайыптылар спирттік ішімдік ішкен. Сол сәтте күйеуі әйеліне зейнеткерді тонау туралы ой туындағанын айтады.

«Ол күн ешқашан есімнен кетпейді. Таңғы сағат төртке дейін отырдық. Сосын күйеуім зейнеткердің үйіне барайық деді. Сол кезде қай сайтан түрткенін білмеймін, келістім. Орыс әжейдің үйіне бардық. Есігін ашты. Асүйде шай ішіп отырып, кейін мен сыртқа шығып кеттім. Соттың үкімінде оқиға басқаша баяндалады. Бұл менің шындығым енді… Келсем, күйеуімнің қолы қан. «Өлтіріп қойдым» деп тұр. Не істеп, не қойғанын сұрап та үлгермедім. Келесі бөлмеге кірсем, зейнеткер жерде жатыр. Бет-аузы қан. Қиналып жатыр. Жастықты алып, тұншықтырдым. Ол жақтан шыққан соң жалдамалы пәтерге беттедік. Мен күйеуіме соңынан барамын деп, өзім такси ұстап полиция бөлімшесіне жеттім. Оларға қылмыс туралы өзім айтып бердім», — дейді Гүлжан.

Гүлжан полицейлерге алғашында зейнеткерді өзі ғана өлтіргенін айтқан. Себебі күйеуінің өмірі үшін алаңдапты. Алайда оқиға орнына келген соң істің мән-жайы анықталады. Ал сотта күйеуі өз кінәсін мойындамапты. Тергеу жұмыстары кезінде қарт тұрғынның өліміне ерлі-зайыптылардың қатысы бар екені дәлелденген.

Сот үкімімен Гүлжан 16 жыл 6 айға, ал күйеуі 17 жылға бас бостандығынан айырылып, екеуі де қатаң режимдегі колонияға жіберілді.

Сот үкіміне сәйкес анықталғаны: ерлі-зайыптылар жалғыз өзі тұратын 90 жастағы зейнеткердің мүлкін жымқыруды мақсат тұтқан. Гүлжан зейнеткерден отбасылық суреттерін көрсетуді сұрайды. Сол сәтте оның күйеуі кейуананы ұрып құлатады. Кейін күш қолданып, ақша талап етеді. Ер кісі зейнеткердің саусағынан күміс сақинасын шешіп алып, қызып тұрған үтікпен қартты қинаған. Ақша таппаған соң оны кереуетке жатқызып, халаттың белбеуімен қылқындырады. Көз жұмғанына көз жеткізген соң ерлі-зайыптылар зейнеткердің әмиянындағы 2 мың теңгені қолды етіп, оқиға орнынан қашып кеткен.

Ішімдіктің буымен қылмысқа бардым деген Гүлжан сотта марқұмның туыстарынан кешірім сұрапты.

«Сол отбасының өмір бақи құлы болып өтсем де менің жасаған қылмысым — кешірілмейтін күнә. Туған аналарынан айырылған отбасы мені кешіргенімен, Алланың жазасы деген бар. Себебі Алла берген өмірді тек Алла ғана алуға хақылы. Өмірімнің 22 жылын түрмеде өткізіп отырмын. Кейде өмірімді көз алдыма елестетіп, жүрегімді жұлып алғым келеді. Өмір сүргім келмей кетеді. Кешке қарай жуынып, таңертең оянбай қалсам екен деймін. Қу арақтың буымен біреудің аяулы анасын мына өз қолыммен өлтіріп отырмын. Жатсам да, тұрсам да, жасаған күәналарым үшін Құдайдан кешірім сұраймын», — дейді Гүлжан.

Жазасын өтеуші өмірден түңілген сәтте түзеу мекемесінің қызметкерлері сабырға шақырып, психологиялық қолдау көрсететінін алға тартты.

Тар қапаста отырып тігін тігуді үйренген Гүлжан бостандыққа шыққан соң тура жолға түсіп, түбегейлі өзгеруге бел буған. Бастысы, қоғам дұрыс қабылдаса екен дейді…

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button