Әлемде

Андрий Покраса — Киевті басқыншылардан қорғап қалған бала

Украинаның астанасы Киев маңында 15 жасар жасөспірім дронның көмегімен Украина қарулы күштеріне Ресей әскерилерін жоюға көмектескен. Ақпан айының соңында ел астанасын шабуылдан құтқарып қалған бала енді әлемдік жұлдызға айналды. 15 жасар Андрий Покрасаның ерлігі туралы Global News жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Ақпан айының аяғында, Ресей Федерациясы Украинаға жаппай басып кіруді бастаған кезде, олардың әскери колонналары Житомир тасжолы бойымен Киевке қарай жылжыған. Украина қарулы күштеріне көмектесіп, әскерилердің нақты координаттарын анықтаған 15 жасар жасөспірімнің арқасында астанаға жасалмақ болған шабуыл тойтарылды. Баланың ерлігін оның ата-анасы да растайды. Сондай-ақ, оның ерен еңбегін Украина ұшқышсыз ұшақ иелері федерациясының басшысы мен Қарулы күштердің ұшқышсыз барлау бөлімшесінің командирі жоғары бағалапты.

«Ол бұл аймақтағы ұшқышсыз ұшақпен жұмыс істеуде тәжірибесі бар жалғыз адам еді. Ол – нағыз батыр, Украинаның батыры» depti Украина Қарулы күштерінің ұшқышсыз барлау бөлімшесінің командирі Юрий Касьянов.

Әскерилер балаға өзінің дронының көмегімен ресейлік колоннаның GPS координаттарын алуға тырысуын сұрайды. Бала келіскенмен, алғашында ұшқышсыз ұшақтың көмегімен әскерилердің жүрісін аңдуға жүрексінгенін мойындайды. Алайда жасөспірім әскерилердің Киевті басып алуын қаламағандықтан, қарулы күштерге жәрдемдесуден бас тартпаған.

«Олар бізге ресейлік колоннаның қай жерде болуы мүмкін екендігі туралы ақпарат берді. Біздің мақсатымыз нақты координаттарды тауып, оларды әскерилерге жеткізу болды. Бұл Житомир жолымен жүріп келе жатқан ең үлкен колонналардың бірі болатын, жүк көлігінің бірі ұзақ уақыт бойы фарасын сөндірмегендіктен, біз оны таптық» деп еске алады жасөспірім.

Баланың әкесі басқыншылар колоннасы туралы алынған ақпаратты әскерилерге тапсырған. Нәтижесінде, Киевтен батысқа қарай 40 шақырымдай жердегі Березовка маңында әскерилерге соққы жасалған. Покрасаның Беларусь шекарасынан өтіп, Житомир мен Киев арасындағы тасжолдың бойында болған ресейлік колоннаны қалай тапқаны туралы Тарас Трояк та айтты. Трояк бұрын дрон сатумен айналысқан, қазір Украинаның ұшқышсыз ұшақ иелері федерациясын басқарады.

«Бала GPS координаттарын жібергеннен кейін, орыс әскерінің көзі жойылды» деген ол баланың ерлігін ерекше атайды.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button