Облыс орталығындағы апатты деп танылған Достық-1 және Геолог ықшам ауданындағы №65-66-шы жатаханалар мен Бірлік ықшам ауданындағы АТП-3-тің тұрғындары жаңа пәтерлерге көшірілді, – деп хабарлайды қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі.
200-ге жуық отбасы Береке ықшам ауданына қоныс аударды. Жаңа пәтерлер олардың жекеменшігіне беріледі.
– Жаңа үй бәрімізге ұнап жатыр. Бөлмесі, ас үйі кең, тіпті кіреберісінде де тұрмыстық заттар үшін орын қарастырылған. Қуанышымызда шек жоқ, алғысымыз шексіз – депті, қала тұрғыны Нұрсұлу Құспанова.
Айта кетейік, бүгінде апатты жағдайдағы тұрғын үйлер мен жатаханаларды көшіру жұмыстары кезең-кезеңімен іске асуда. Мәселен, өткен жылы Құнанбаев №13, Достық №14 және Досмұхамбетов көшесіндегі 2 жатахана мен Әуезов көшесіндегі №22-ші тұрғын үй көшірілсе, биыл жыл басында АТП-1, АТП-2 мекен-жайындағы екі үйдің тұрғындары жаңа баспанаға қол жеткізді.