АТЫРАУДА

Атырау әуежайында пошта байланысы бекеті ашылды

Хиуаз Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайында «Қазпошта» АҚ жаңа пошта байланысы бекеті өз жұмысын бастады. 

Онда әлемнің кез келген нүктесіне сәлемдемелерді және хаттарды EMS арқылы жедел жеткізуге және кез келген төлемді жасауға болады. Алдағы уақытта валюталық операцияларды жүргізу мүмкіндігі қарастырылады. Әуежайдағы жаңа бекет әуе рейстерінің кестесіне байланысты демалыссыз жұмыс істейді.  

«Атырау халықаралық әуежайында – транзиттік жолаушылар ағыны үлкен. Егер жолаушыларға және әуежайға келушілерге жедел түрде сәлемдемені немесе хатты жеткізу қажет болса, курьерлік қызметті табу үшін қайта қалаға оралудың еш қажеті жоқ. Олар әуежайдағы біздің пошта бекетінде EMS жеткізуге  тапсырыс бере алады. Сонымен бірге төлемнің кез келген түрі қабылданады. Әсіресе, төлемді тез арада жасау қажеттігі туындағанда, тұрғындар үшін өте ыңғайлы», – деп атап өтті «Қазпошта» АҚ Атырау облыстық  филиалының директоры Алтын Садықова.

Бүгінде Атырау облысында 97 пошта байланысы бөлімшелері жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетеді. Оның ішінде 15-і қалада, 6 ауданда, 60 бөлімше ауылдық жерде орналасқан. Сонымен бірге 3 пошта байланысы бекеті және төлем қабылдайтын 8 бекет бар. 

«Қазпошта» АҚ

Баспасөз қызметі

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button