АТЫРАУДА

Атырау қаласында оқушыларға арналған тренинг өтуде

Үстіміздегі жылы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Атырау облысының әкімдігімен бірлесе Атырау облысының орта білім беру жүйесін дамытуға қолдау көрсету бойынша жобаны жүзеге асырып келеді. Осы жобада балалардың әл-ауқаты мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.

Балалардың әл-ауқаты жобасын жүзеге асыру барысында мектепте балалардың әл-ауқатын арттыру мақсатында нормативтік-құқықтық базаны құру, дағдарысты жағдайда оқушыға көмек көрсететін мектепішілік топтың біліктілігін арттыру, оқушы мен ата-анасы арасында қарым-қатынасты жақсарту, оқушылар арасында жарақаттанушылықтың мониторингі және алдын алу шаралары, жасөспірімдер арасында репродуктивті денсаулықты нығайту мәселелері қарастырылады.

 Жасөспірімдер арасында репродуктивті денсаулықты нығайту жобасының шеңберінде келесі іс-шаралар жүргізіледі: репродуктивті денсаулық тақырыптарын білім беру үрдісіне кіріктіру мақсатында биология пәнінің мұғалімдеріне арналған семинар өткізіледі және салауатты өмір салтын насихаттау үрдісіне оқушыларды қатыстыру мақсатында жасөспірімдер арасында еріктілер желісі құрылады.

Осы бағыттағы алғашқы іс-шаралардың бірі 2021 жылғы 7-11 маусым аралығында Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өтетін «Тең-теңіне әдісінің негізінде жасөспірімдер мен жастар арасында репродуктивті денсаулықты қорғау мәселелерін оқыту» атты оқушыларға арналған тренинг. Бұл іс-шара БҰҰ Тұрғын халықтың қоныстануы саласындағы қорының (бұдан әрі – UNFPA) қолдауымен жүзеге асырылады.

Тренинг қорытындысы бойынша таңдалған 2 оқушы үстіміздегі жылы UNFPA-мен ұйымдастырылатын Жазғы мектепке қатысады (Түркістан облысы).  2 оқушының Жазғы мектепке қатысуына байланысты шығындар UNFPA қаражаты есебінен жүргізіледі.

Тренингке Атырау қаласындағы 16 мектептің 32 оқушыларының қатысуы жоспарланып отыр. Тренингті Y-Peer желісінің тренерлері мен еріктілері жүргізеді.

Ақпарат үшін:

Жастар арасында «тең-теңіне» қағидасы бойынша оқыту – жасына және әлеуметтік мәртебесіне тең болатын, ұқсас мүдделері бар жастардың бір-біріне білім беруі, сондай-ақ қауіпсіз мінез-құлықты қалыптастыруға көмек көрсетуі.

Y-PEER жастар желісі 1999 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрғын халықтың қоныстануы саласындағы қорының қолдауымен құрылған. Қазірде Y-PEER дүние жүзі бойынша репродуктивті денсаулық және жастардың құқықтары саласында жұмыс істейтін 500-ден астам ұйымдар мен мыңдаған жастарды біріктіреді. Бұл желі Шығыс Еуропа және Орталық Азия, Таяу Шығыс, Солтүстік және Шығыс Афирка, Оңтүстік-Шығас Азия елдерінің жастатырн қамтиды. Қазақстанда Y-PEER желісі өз қызметін 2003 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында бастады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрғын халықтың қоныстануы саласындағы қоры (ЮНФПА) – репродуктивті денсаулықты нығайту бағытында жұмыс жасайтын денсаулық сақтау саласын жетілдіруге және тұрғын халықтың қоныстануы саласында саясатты дамытуға көмек көрсететін  БҰҰ жүйесіндегі халықаралық агенттік.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button