АТЫРАУДА

Атырауда ауыл шаруашылығымен өзбектер айналысып жүр…

Атырауда ауыл шаруашылығы саласы алға баспай тұр. Оған мамандардың жетіспеушілігі себеп.

Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен жиында айтылды. Жыл сайын агротехникалық оқу орындарына бөлінетін мемлекеттік гранттардың саны көбейгенімен, салаға қызығушылық танытатын жастар аз. 

«Тәжірибе мен сабақ қатар жүрмегеннен кейін маманның деңгейі де соған сай болады. Өзі көріп, ұстап үйренбесе, шаруашылыққа араласпаса дұрыс кадр болады деп ойламаймын. Біз осы мәселеге баса назар аударып, осы ауыл шаруашылығына қатысты облыстағы барлық оқу орындарымен үлкен кездесу өткізіп, меморандум жасағымыз келіп отыр», — дейді Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат НҰРЛЫБАЕВ. 

Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандарына сенсек, пандемия басталғалы шетелден жұмыс күшін тарту да қиындап кетіпті. Бұл жағдай кадр тапшылығы мәселесін одан бетер ушықтырып отыр екен. Бүгінде Атырау облысы бойынша шетелдік азаматтарға 7721 квота бөлінсе, оның 600-і ғана ауыл шаруашылығы саласына тиесілі көрінеді.

Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының маманы Арай СҰЛТАНҒАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, маусымдық жұмыстарға квоталар енді бөлінеді. Ауыл шаруашылық жұмыстарына тартылатын көбіне Өзбекстан азаматтары көрінеді. Бүгінде шекара жабық болғандықтан арнайы отырыс өткізіліп, тізім жасақталып Астанадағы комиссияға ұсынылады. Сол арқылы тізімдегілер елге кіргізіледі екен. 

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев биыл еңбек бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы саласына 1 млрд теңгедей қаржы бөлінетінін айтты. Сондай-ақ, алдағы уақытта шаруаларға 6 пайызбен несие берілуі де мүмкін.

«caspianlife.kz»

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button