Атырау облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Сәлімжан Нақпаев Атырау қаласының сол жақ жағалауында салынып жатқан кәріздік тазарту кешенінде болып, атқарылған жұмыстардың барысымен танысты.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мейірім Қалауи, Атырау қаласы әкімінің орынбасары Самат Емберген, мердігер кәсіпорын – «Павлодар өзен порты» АҚ Атырау филиалының директоры Мақсат Сәдуақасов және басқа құрылымдар басшыларымен бірге мұндағы өндірістік нысандарды аралап, жүзеге асқан жұмыстарды көзімен көрді.
–Өздеріңізге мәлім, қазіргі уақытта Мәжіліс депутаттары өңірлерге шығып, жергілікті тұрғындармен, сайлаушылармен жүздесуде. Кездесулер кезінде олар Тәуелсіздіктің отыз жылында қол жеткізген жетістіктеріміз, Мәжілістің жетінші шақырылымындағы бірінші сессиясында атқарылған жұмыстар, қабылданған заң жобалары, «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасының орындалуы жайлы баяндап, алдағы уақытта жүзеге асырылуы жоспарланып отырған іс-шаралар туралы әңгімелеуде. Сонымен бірге, халық қалаулылары жұртшылықпен жүздескенде олардың мұң-мұқтажына құлақ асып, өңірдің өзекті мәселелеріне назар, қордаланған проблемаларды шешу жолдарымен бөліседі. Елдің игілігіне жасалып жатқан жұмыстардың жайымен танысып, сайлаушылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдайды, – өз сөзінде «Нұр Отан» партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты, Экология мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның және партиялық фракцияның мүшесі Сәлімжан Жұмашұлы.
–Бүгін де міне, Атырауға келіп, өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға, осы төңіректе шоғырланған көптеген өзекті мәселелерді оңтайлы шешуге мүмкіндік беретін кешенді жобаның жүзеге асырылу барысымен танысып отырмыз. Ол – мұнайлы астанадағы, Жайық өзенінің сол жақ жағалауында бой көтерген замануи үлгідегі, әлемдік стандарттарға сай келетін кәріздік тазарту қондырғысы (стансасы). Жасыратыны жоқ, ондаған жылдар бойына атыраулықтарды алаңдатып, экологиялық тұрғыдан орасан қауіп төндіріп, қоршаған орта мен адам денсаулығына елеулі залалын тигізіп келген қалдық суларды буландыру алаңы осы нысанның пайдалануға берілуімен байланысты жойылып, мәселенің түбегейлі шешілуіне мүмкіндік береді. Болашақта дәл осындай кешен Жайықтың оң жақ жағалау бөлігінде де бой көтеретін болады. Қазіргі мезгілде оның жрбалау-сметалық құжаттамалары мемлекеттік сараптамадан өтіп, құрылыс-монтаж жұмыстарын бастауға дайындық сатысында тұр. Қаржыландыру мәселесінің шешілуіне орай жұмыс та басталып кетуі ықтимал.
Ал, мына өзіміз басында тұрған сол жақ жағалаудағы кәріздік тазарту стансасы іске қосылған кезде ел аузында «Тухлая балка» атанып кеткен сарқынды сулардың булану алаңы толығымен жойылады. Бүгіндері онда рекультивациялау, яғни қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған. «Тазалық» деп аталатын бұл жобаны «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС мен Атырау қалалық әкімдігі бірлесіп атқаруда. Нәтижесінде, жалпы аумағы 1200 гектарды қамтитын алаң түгелдей құрғатылып, қалпына келтірілмек. Сонда атыраулықтар қолқаны қабатын күлімсі иістен біржола құтылып, жағымсыз ауаны жұтпайтын болады. Тарқатып айтсақ, жаңағы 1200 гектардың 800 гектарын зауыттықтар өз міндетіне алса, қалған 400 гектары қала әкімдігінің жауапкершілігіне берілген.
Айта кету керек, құрылыс-монтаж жұмыстары 2017 жылдың қараша айында басталған осы кәріздік тазарту имаратының жобалық құны 10 млрд. теңгеге жуықтайды. Толықтай іске қосылған уақыттағы оның тәуліктік қуаттылығы 70 мың текше метрді құрайды. Өзіміз көзімізбен көріп, куәсі болғанымыздай, күні бүгінге дейін жоспарланған жұмыстар 100 пайызға жуық жүзеге асырылған. Аманшылық болса, алдағы қараша айында құрылыс-монтаж жұмыстары толықтай аяқталып, станса елдің игілігіне беріледі, деп күтілуде. Жаңа көрдік, қазірдің өзінде кешен қаладан шыққан қалдық суларды қабылдап жатыр. Болашақта мұнай өңдеу зауытынан шыққан ағынды лас суларды қабылдайтын болады. Мердігер кәсіпорынның басшылығы баяндап өткендей, жоба бойынша жоспарлнған жүмыстардың бәрі дерлік белгіленген кестеге сәйкес атқарылып келеді. Мамандардың түсіндіруінше, ендігі мәселе қабылданған кәріз суын биологиялық тазартудан өткізіп, қайталама немесе техникалық мақсатта пайдалануға мүмкіндік беретін технологияны іске қосуға тіреліп тұр, алдағы екі-үш ай мазгіл соған кетеді. Соған қарағанда, нысанның межелі мерзімінде тапсырылатынына сенім мол, –деп түйіндеді әңгімесін Мәжіліс депутаты Сәлімжан Нақпаев.
Мұны мердігер кәсіпорын – «Павлодар өзен порты» АҚ Атырау филиалының директоры Мақсат Сәдуақасов та растап, қостады. Оның айтуынша, қазірге дейін кешен бойынша жоспарланған жұмыстар 95 %-ға орындалған. Бүгіндері мұнда кәріздік тазарту стансасын іске қосу үшін дайын болған жүйелерде жіберіп-реттеу шаралары атқарылуда. Жобаны жүзеге асыруға қаралған қаражаттың бір бөлігі (1,6 млрд. теңгесі) республикалық бюджеттен бөлінсе, қалған қомақты бөлігі Еуропалық даму банкінен заемға берілген. Жоғарыда айтылып өтті, тәуліктік қуаттылығы 70 мың текше метрді құрайтыны мәлім. Алайдп, станса пайдалануға берілгеннен кейін алғашқы кезеңде бұл көлем 25 мың текше метр шамасында сақталып, қажеттілігіне қарай біртіндеп көбейтіледі. Өйткені, толық жобалық қуатына шыққан бұл нысан қажеттілікті артығымен өтейді деген есеп бар. Қазіргі уақытта мұнда лас суды биологиялық тазартудан өткізу үшін қажетті балдырларды өсіру жұмыстары қолға алынып отыр. Бұл процестің өзі кем дегенде үш ай мерзімді қамтиды.
Осыларды алға тартқан мердігер ұйым басшысы кешендегі бір-бірімен байланысты жұмыстардың ретімен таныстырды. Түсіндіруінше, құбыр бойымен жеткізіліп, қабылданған су алдымен бас сорғы стансасына беріліп, белгілі мерзімде арнаулы қазандықтарда ұсталады. Одан әрі өңдеуге, содан соң биологиялық тазартуға, нақтырақ айтқанда биореакторға жіберіледі. Келесі кезекте тазартудан өткен су биологиялық тоғандарға құйылып, сонда сақталады. Сол жерден суды түрлі техникалық мақсаттарға, мысалы автокөліктерді жууға, тал-теректерді (жеміс-жидектен басқасын) суаруға, т.б. қажеттіліктерге пайдалануға болады. Айтуға жеңіл көрінгенімен, бұлардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері, қиындықтары бар. Жұмыс жүйелі жүргізіліп, кідіріс болмас үшін, кешендегі әрбір құрылғы мен қондырғының техникалық тұрғыдан сенімді болуы, қауіпсіздік шараларының сақталуы маңызды.
Білгеніміздей, нысандағы құрылыс-монтаж жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізілуде. Қаржыландыру жағынан да ешқандай кідіріс жоқ. Мердігерлер қазірге дейін жобаға қаралған 9,9 млрд. теңгеден астам қаражаттың нобайын игерген. Жоспарлы шаралар толығымен дерлік орындалған.
Дәулетқали Аруев