АТЫРАУДА

Атырауда «MediaLitFest» фестивалі басталды!

Атырау облысында медиа және ақпараттық сауаттылыққа арналған  «MediaLitFest» бірінші онлайн-фестивалі ресми түрде өз жұмысын бастады.

Алғаш болып Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Ляйля Қойшығұлова құттықтау сөз алып, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға сәттілік тіледі. Ал, шара барысын аталған университеттің журналистика кафедрасының меңгерушісі Мəншүк Мұқашева жүргізіп отырды.

Осыдан кейін экономика ғылымдарының докторы профессор Бақтыбек Таубаев, Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов, ардагер журналист Төлеген Жаңабай, жергілікті Журналистер Одағының төрайымы Алма Қалусариева және «Азаматтық Альянс» ұйымының облыс бойынша жетекшісі Дана Жайлаубаевалар фестивальдің жалпы сипатына тоқталып, артықшылықтарын атап өтті.

Сонымен қатар, ҚР еңбегі сіңген қайраткер, «Құрмет» орденының иегері, профессор, белгілі әнші Айгүл Қосанова атақты «Ақ Жайық» және «Еділ мен Жайық» əндерін тамылжыта шырқады. Сол сияқты, Аккуат Берішкалиев пен Василий Кабиев қоңыр күй күмбірлетіп, жұрттың делебесін қоздырды.

Атырау университетінің ұстазы Ғалым Жəнібек желілерде қалай жұмыс жасау қажет және жаңалықты\ жедел іздеу жолдарымен бөлісті. Әсіресе, қазір белең алған «жалған» ақпараттан сақтану керектігін қаперге берді.  Өз кезегінде еріктілер де ардагерлерге əртүрлі платформада жұмыс жасау тәсілдерін үйретті.

Айта кетейік, фестивальді ұйымдастырушы – Қазақстан Республикасының Психология, бизнес және медиа қауымдастығы.

– Қазіргі қоғамдағы медиасауаттылықты арттыру қажеттілігі бар екендігін ескерсек, бұл жоба өзекті екендігі рас. Медиасауаттылықтың жоқтығы ақпаратты тұтыну барысында ақпараттық теңгерімсіздікті тудырады: сананы улау, қауесеттерге сендіру, жалған ақпарат тарату, адамдардың фактіге сүйенген деректер мен ақпарат көзін таба алмауы және тағы басқа.

Карантин жағдайында көптеген адам интернет ресурсы арқылы білім алуға, ақпарат алуға дағдыланды. Алайда, интернетте контент жасау мен оны орналастырудың жаппай қолжетімділігі оның сапасы мен шынайлығына кепілдік бермейді. Сондықтан ақпарат ағындарын басқару, оған бейімделу және өзіне қажетсіз ақпараттардан аулақ болу білігі сынды медиасауаттылық мәселелері – бүгінгі қоғамның алдында тұрған маңызды қажеттіліктердің бірі, – деген ойымен бөлісті жуырда ғана «Кітап мәдениетіне қосқан үлесі үшін» медалін иеленген Мəншүк Мұқашева.

Сондай-ақ, фестивальдің Атырау облысы бойынша координаторы болып та Мәншік Тынышқалиқызы (+7 701 710 6376) болып табылады. Фестивальдің негізгі кезеңі биыл 26 маусымда сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін (бағдарламасы қоса беріледі) «Zoom» алаңында өтеді.

Қатысушылар https://docs.google.com/forms/d/e/1FAIpQLSd2WFD8-i1LFErCg7mdjYJFZiFWQbiilUyaaqM-0FEpoLdW-A/viewform?usp=sf_link сілтемесі бойынша тіркеле алады. Оған тек журналистер емес, кез-келген адам қатыса алады.

Атырауда осыған дейін өтіп көрмеген шараны ұйымдастырушылардың бірі Татьяна Голубцова мұндай мол мүмкіндікті жіберіп алмау қажеттігін алға тартады.

– Әр қаланың өз құпиясы мен ерекшелігі бар, – дейді ол. – Менің бір байқағаным, Атырау өте музыкалық және шығармашылық қала. Бұл фестивальдің «медиа» деп аталуы да тегін емес. Оның өзгелерден ерекшелігі сол, мұнда дыбыс, бейне, қозғалыстағы сурет, өнердің сан алуан қыры қамтылған. Журналистика мен әлеуметтік желілер де медиакеңістіктің бір бөлшегі болып табылады. Медиажурналистика байырғы журналистика негіздерін өнер элементтерімен байланыстыра түседі. Яғни, бұл шарада журналист болғысы келетін жандар ән, әуен, кино арқылы да шабыт алады, қанаттанады. Бұл жоба орталықтандырылған «MediaCAMP» бағдарламасы шеңберінде жасалған. Оны Халықаралық даму бойынша АҚШ агенттігінің (USAID) демеушілігімен «Internews» жүйелі жүзеге асырып келеді.  

img 20210619 wa0056
img 20210619 wa0071
img 20210619 wa0073
img 20210619 wa0057
img 20210619 wa0072
img 20210619 wa0064
img 20210619 wa0060
img 20210619 wa0059

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button