АТЫРАУДА «ZHAS ULAN CUP» ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ (+фото)

Биыл «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының құрылғанына 10 жыл толып отыр. Бұл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуде.

Осыған орай, Атырау қаласындағы №24 мектепте «ZHAS ULAN CUP» облыстық пікірсайыс турнирі өтті. Мақсат – жастардың сөздік қорын байытып, ұлтжандылық пен еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.

Аймақтағы 20 пікірсайыс клубының басын қосқан шараны Атыраудағы «Жас Ұлан» қоғамдық бірлестігі мен «DODA» Атырау пікірсайыс орталығы бірлесіп ұйымдастырды. Сайысқа қатысқан 9-11 сынып оқушылары бір-бірімен әлемдік тәжірибеге сүйеніп, американдық парламенттік форматта сайысты.

Турнир нәтижесінде Ақниет Бақтығали (IT мектеп-лицейі) «Үздік спикер», Аружан Ренатқызы (№34 көпсалалы мектеп-гимназиясы) «Үздік оратор», Айсәуле Молдашева  (№36 мектеп-гимназиясы) «Ең мақсатты ойыншы», Альбина Серікова (Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп) «Ең білімді ойыншы» және Ғасырбек Сайлау (С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті) «Үздік төреші» номинациялары бойынша үздік танылды.

Аталған ұйымның Атыраудағы төрайымы Мартагүл Қанатова жеңімпаздар мен белсенді қатысушыларға диплом және Алғыс хат табыстады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Exit mobile version