АТЫРАУДА

Атыраудың ауасын ластап жатқан кәсіпорындар қалай жазалануда?

Облыстағы экологиялық ахуалды жақсартуға енді ғана оң көзқарас байқала бастады. Әйтпесе, Атырау қаласында таза ауа жұту мүмкін болмай қалды. Осы проблемаларды шешу, ауаға ластаушы заттың шығарындысын азайту мақсатында «Жол картасы» да қабылданып еді. Бірақ оның қалай орындалып жатқанынан қарапайым халық бейхабар. Біз соны анықтамақ болдық, жауапты мекемелерге сұрау салдық.

40 жыл қолданыстағы полигон

Атырау қаласындағы жағымсыз иістен құтылу мақсатында қазір алғашқы қадамдар жасалды. Газеттің өткен санында хабарлағандай, Атырау мұнай өңдеу зауыты «TAZALYQ» жобасын әзірлеп, «Тухлая балканы» қалпына келтіру бойынша дайындық жұмыстарын бастады. Бұл 2023 жылдың соңында толық аяқталуы тиіс. «Жол картасында» кәріздік тазарту ғимараттарын салу мен қайта жаңғырту, булану алаңдарын қалпына келтіру бойынша қордаланған проблемаларды шешу мақсатында кешенді шаралар қабылданған.

Экологиялық мәселелердің туындауына бірден-бір себепші фактор – қаладан 5 шақырым жерде тұрған қоқыс полигоны. Оның жұмыс жасап тұрғанына 40 жыл болды, ол аз уақыт емес. Аумағы шамамен 35 гектарды құрайтын қоқыс алаңы ешқандай стандартқа сай емес. Қоқыстан аяқ алып жүру қиын, иісі қолқаны қабады. Өртенген қалдықтың түтіні тағы бар. Бəрі қосылып, қоршаған ортаға орасан зор зиян келтіріп жатыр. Қордаланған мәселені шешу тұрғысындағы жұмыстар туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан Арыстан жауап берді.

– Полигонды қалпына келтіру бойынша шаралар алынып жатыр. Қазір қалалық әкімдік «Промэкология» және «ГринСитиКлининг» ЖШС-теріне сұрыптау желілері бар қатты тұрмыстық қалдық полигондарын салу үшін жер телімдерін бөлу процесін аяқтап жатыр. Олар пайдалануға берілгеннен кейін, болжам бойынша 2023 жылы ескі полигонды қалпына келтіру жұмыстары басталады. Бұл жұмыстардың құны – 1,6 млрд. теңге, – деді басқарма басшысы.

Полигон мәселесі «Жол картасының» 27-нші тармағында көрсетілген. Атырау облысы экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметовтың айтуынша, биыл «Атырау-Доссор» тасжолының бойында қатты тұрмыстық қалдық полигоны мен оны қайта өңдеу кешенінің құрылысын бастау үшін инвестиция салу жоспарланыпты.

– «Промэкология» ЖШС 20 жыл бойы облыстағы тұрмыстық қатты қалдықты кәдеге жаратумен айналысып келеді. Аталған жаңа полигонды салу үшін облыс әкімдігі «Атырау-Доссор» тасжолының бойында 30 гектар жер телімін бөліп жатыр. «Жол картасына» сәйкес, оның пайдалануға беру уақыты алғашқы кезең  бойынша 2022 жылдың қазан айы болса, екінші кезең 2023 жылғы маусым деп бекітілген. Қазір мұның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр, – деді Ә.Бекмұхаметов.

Келешегін ойлаған тал егеді

Қазақта «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын», «Он жылдығын ойлаған тал егеді», «Көгалсыз – жер көріксіз» деген даналық сөздер бар. Бүгінде атыраулықтар осы қағидалардың мән-маңызын шын сезінді. Бұған мемлекет басшысы да айрықша ден қойып, елде көгалдандыру жұмыстарын кең ауқыммен жүргізуді тапсырды. Осы талап бойынша облыста орман қоры алқаптарында бес жылда 7 миллион, ал елді мекендерде 540 мың көшет отырғызылады.

Сол үшін қазір 4 орман мекемесі биылға белгіленген 309 гектар алқаптың 109 гектарын жыртып, дән сеуіп жатыр. Бұл өте қиын жұмыс болса да, жасауға мүмкіндік бар екен. Ал, «Ластаушы қалпына келтіреді» деген ұстанымға сәйкес отырғызылған тал-теректің барлық жауапкершілігі осы аймақтағы ірі мұнай-газ кәсіпорындарына берілген.

– Қазір қала аумағынан 5000 гектардан астам жер телімінің тізбесі жасақталды. «Теңізшевройл» компаниясына – 1722 га, «NCOC» ЖШС-не – 1374 га, Атырау мұнай өңдеу зауыты – 1421 га, «Ембімұнайгаз» компаниясына 243 га алқап бөлінді. 4 жылдан 10 жылға дейінгі кезеңге жоспарланған көшет отырғызуды мұнай компаниялары биыл күзде бастайды, – деді Қадыржан Бақтығалиұлы.

Облыстағы 56 000 гектар орман алқабының 18 мыңында ағаш өсіп тұр, қалғаны – орман қоры. Оны молайту – Қ.Арыстан басқаратын құрылымның құзыретінде. Орман алқабына отырғызылуы тиіс 7000 екпенің 5400 данасы елді мекендердің ішіне егілуі шарт. Оған жауапты – қала, аудан әкімдері. Сол талап жүзеге асуы үшін «Өңірлік жоспар» жобасы дайындалып жатыр.

Шаншылған шыбықтың бүр жаруы бөлек те, одан әрі жетіліп, жайқалып кетуі күтімді қажет етеді. Бұған дейін тал егу жұмыстары қалада конкурс негізінде жүргізілді. Алайда, тал еккен конкурс жеңімпазы оның күтіміне селқос қарағаны рас. Өйткені, облыста желкiлдеп өскен тал-теректi өз жауапкершiлiгiне алар құзырлы құрылым жоқ. Сондықтан, қаладағы тал атаулы түгенделіп, оның күтіміне 5 жыл белгіленген. Қадыржан Арыстанның сөзінше, келешекте қай мекеме ағаш отырғызса да, оны 3 жыл қас қақпай бағып-күтуі шарт. Тек содан кейін ғана орман қорына тапсыра алады екен.

Жайықтың жайы не болмақ?

Атырау облысында қоршаған ортаға байланысты тағы бір мәселе – Жайық өзенінің жыл санап тартылып бара жатқаны. Ойыл, Сағыз, Жем өзендерінде ахуал мүлде мүшкіл. Бұл құзырлы органдардан гөрі халықты көбірек алаңдатып отыр.

Басқарма басшысының айтуынша, Жайық өзеніндегі су қорының 80%-ға жуығы өр суынан жинақталады. Демек Ресейге тәуелділік бар. Соның кесірі шығар, 2006 жылдан бері Жайықтың деңгейі төмендеп барады. Былтыр судың жылдық ағыны көпжылдық орташа мөлшерден екі еседен астам төмендеген (9,5-тен 4,3 текше шақырымға дейін). Өзен деңгейінің одан әрі азаюы экологиялық апатқа әкелуі мүмкін.

Осыған байланысты, трансшекаралық Жайық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру жөнінде 2020 жылдың аяғында арнайы бағдарлама мен зерттеу жұмыстарының бірыңғай картасы қабылданған. Онда межеленген шараларды Ресей Федерациясының құзырлы мемлекеттік органдарымен бірлесіп іске асыру қазірдің өзінде қолға алынды. Өр суы келер кезде су қоймаларының ашық болып, Жайық ағынына кедергі келтірмеуі үшін мониторинг жүргізу жоспарланған.

Ал, Ойыл өзені – ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға, 18 мыңнан астам адамды ауыз сумен қамтамасыз етуге қажетті жалғыз су көзі. Ол Ақтөбе облысының аумағындағы бұлақтардан бастау алады, жол бойында шағын өзендер және жауын-шашынмен толығып отырады. Егер Ойылда көктемгі көпжылдық орташа ағын 12 млн. текше метр болса, 2016-2018 жылдары су ағыны небәрі 75-79 млн. текше метр болған. Одан бері өзенге өр суы мүлдем келмей, арна құрғап қалған. Ақтөбе облысынан бастау алатын Сағыз бен Жем өзендерінің де жағдайы осындай.

– Бұл мәселе Ақтөбе және Атырау облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі деңгейінде Ойыл, Сағыз және Жем өзендерін толықтыратын бұлақ көздеріне зерттеу жүргізу, жерасты суы мен түсетін ылғал көлемін анықтау мақсатында өзендерді сауықтыру жөніндегі бағдарламаны әзірлеуді қажет етеді. Бұл жұмыстарға байланысты қажетті ұсыныстар тиісті министрлікке жолданды, – деді Қ.Арыстан.

Басқарма басшысына осы бағытта тағы біраз сұрақтар қойдық.

– Жуырда ауаға лас шығарындыларды жіберген «Теңізшевройл» компаниясына жүргізілген тексерудің нәтижесі қандай?

– Атырау облысы бойынша экология департаменті заңға сәйкес жоспардан тыс 10 күндік тексеру тағайындап жатыр. Сол кезеңде ғана ауаға келтірілген залал мөлшері нақты анықталады. Егер әрекетте қылмыстық құрам болса, құжаттар полиция департаментіне жолданады. Тексеру нәтижесінен соң нақты ақпараттар жарияланады.

– Егер «Теңізшевройл» қылмыстық жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынса, қаражат қайда жұмсалады?

– Келтірілген залалдар бойынша айыппұл республикалық бюджетке түседі. Ал, облыстық бюджетке компаниялардың эмиссиялық салықтары ғана тіркеледі. Жаңа Экологиялық кодекске сәйкес бұл қаржы жергілікті жердегі табиғат қорғау шараларына жұмсалады. Алдыңғы жылы облыста табиғатты қорғау жұмыстарына 5,3 млрд. теңге, ал былтыр 9,3 млрд. теңге бөлінген.

– Былтыр Атырау қаласы күніне орай Балықшы шағынауданында әркім өз білгенінше тал егіп жатты. Дұрысында ол арнайы маманның қатысуымен жүргізілуге тиіс. Өйткені Атырауды көгалдандыру үшін тал егудің технологиясын жетік білуі қажет. Егілген көшеттерге күтімді кім жасайды?

– Қалада тал егуге мән берілмейтіні рас. Біз екі жыл бұрын бір жеке кәсіпкермен бағбандарды дайындау үшін арнайы айлық курсын ұйымдастырдық, 35 адам тал егуді үйреніп шықты. Ағаштың түріне байланысты тыңайтқыштардың қолданылуы, олардың әрқайсысының күтімі туралы толық мәліметтер қамтылды. Келешекте біз осындай жұмыстарды жалғастырып, қайтадан қолға аламыз.

Ал, Балықшы маңындағы тал егу жұмыстарын үкіметтік емес ұйым өкілдері ұйымдастырды. Бұл жердегі жасыл желектердің күтімін қала әкімдігі назарға алуы тиіс.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button