АТЫРАУДА

Бірқатар атыраулық «ардагер» атағын ала алмай жүр…

Кезінде басқа мемлекеттiң аумағында әскери қызмет еткен атыраулық азаматтар мәртебе ала алмай жүр.

ҚР Ардагерлер туралы заңына сәйкес, мәртебесі айқындалғандардың қатарында 1992 жылдан 2001 жылға дейін тәжік-ауған шекарасында және өзге де мемлекеттерде қызмет еткендер бар. Бірақ, бұл азаматтардың қолдарына берілген анықтамада «қай елде болғандығы көрсетілгенімен, соғыс іс-қимылдарына қатысқандығы» туралы жазылмапты. Сол себепті бұлар «ардагер» деген атақты да, оған тиесілі әлеуметтік төлемдерді де ала алмай жүр.

Бұған наразылық білдіргендер облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент ғимаратының алдына жиылды. Алайда бұрынғы әскерилермен кездесуге ешкім шықпады.

«Біз бірнеше сағаттан бері жауапты маманды күтіп тұрмыз. Ең құрығанда бір офицер, бір әскери қызметкер бізбен сөйлесуге шықпады. Бұл мәселе жылдар бойы шешімін таппай келеді. Бір нүкте қойылатын кез жетті», — дейді Республикалық тәжік-ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарына қатысушылар одағының төрағасы Мұрат Мұхамеджанов.

Қорғаныс істері жөніндегі департаменттен еш нәтиде шықпағасын олар ертесіне облыстық әкімдіктің алдына тағы жиналып, жағдайға түсінік беруді талап етті.

«Біздің Атырау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінде олардың мәртебелері анықталмайды. Ондай құқығымыз жоқ. Мәртебені анықтайтын мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы. Біз тек архивтегі құжаттар, куәліктер негізінде анықтама бере аламыз. Бұл кісілердің соғысқа қатысқандықтары туралы ешқандай жазба жоқ. Күні ертең елордада ардагерлер туралы заң бойынша жиналыс болады. Сонда бұл мәселе көтеріледі», — Атырау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Эльдар Шынғаолиев. 

Департамент бастығының сөзінше, тәжік-ауған ұрысына қатысқан 313 атыраулық азаматтың барлығы өз мәртебесін толықтай, ал Таулы Қарабақтағы әскери іс-қимылдарға қатысқан 93 азаматтың 77-сі алып үлгерген.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button