ДЕПУТАТ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ СТАНСАСЫНА БАРДЫ (+ФОТО)

Еліміздің Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясының фракция мүшесі Серік Ерубаев Атырау облыстық жедел жәрдем стансасына барып, тыныс-тіршілігімен танысты.

Аталған мекеменің жуырда ғана тағайындалған бас дәрігері Азамат Ерболов қонақтарға алғысын айтып, басты жұмыс бағытымен таныстырды.

«Мұнда жүзден астам адам еңбек етеді. Аймақ бойынша барлығы 46 бригада жұмыс жасайды. Жұмыс өте қауырт. Сол себепті, көп адам бұл жерде қызмет етуге құлшыныс таныта бермейді» дейді ол.

Осыдан кейін станса басшысының орынбасары Наргиза Баймолдаева сөз алып, оң істермен қатар түйткілді мәселелердің де бар екенін айтты.

«Бар нәрсені бар деу керек, дәрігерлер мен медбикелердің жалақысы айтарлықтай өсті. Олар коронавируспен күреске бөлінген қосымша төлемді де алып отыр. Ендігі кезекте дәл осылай қарапайым еңбек иелері – көлік жүргізушілер мен тазалықшылардың да еңбекақысы көтерілсе, жақсы болар еді» деді ол.

Ал, өз ерік-жігері арқылы тек Атырау емес, бүкіл Қазақстанға белгілі болған ерікті Арман Қасымов осы мекемеде жұмыс жасайтынын мақтанышпен жеткізді.

«Қазір жергілікті халық саны өсіп келеді. Соған сәйкес, тұрғындардың барлығын бірдей жедел медициналық көмекпен қамту да оңай емес. Сондықтан, халық арасынан мен сияқты еріктілер көбірек шықса деген ұсынысым бар» деді ол.

Жедел жәрдемнің ауыр жұмысымен жан-жақты танысып шыққан халық қалаулысы Серік Сәрсенұлы мекеме ұжымына зор денсаулық пен толағай табыс тіледі. Сондай-ақ, коронавируспен күресте жанқиярлық еңбегімен көзге түскен бес қызметкерді «Ақ жол» партиясының арнайы медалімен марапаттады.

Exit mobile version