АТЫРАУДА

Екінші рет егіздерді дүниеге әкелді

Атырауда көпбалалы ана екінші рет егіз бала тапты, деп хабарлайды Depti.kz тілшісі «ҚазАқпаратқа» сілтеме жасай отырып.

Облыстық перинаталдық орталықта екінші рет егіз босанған көпбалалы ана Мөлдір Мәжитованың жасы – 36-да. Күйеуі Рашид Дайыровпен бірге 6 бала тәрбиелеп отыр.

  • «Ең үлкеніміз Нұрислам – 13 жаста, егізіміз Нұрсезім мен Гүлсезім – 11 жаста. Одан кейін Әділхан дүниеге келді. Биыл ол 1 жасқа толды. Ал егіз сәбиге Көркемай мен Еркемай деген есім бердік», – дейді Мөлдір Мәжитова. Дәрігерлердің айтуынша, нәрестелердің салмағы – 2 400 және 2 600 грамм. «Күйеуімнің үлкен әжесінде егіздер болған. Бірақ, бәрі шетінеп кеткен. Емшілікпен айналысқан әжеміз ұрпағында егіздер дүниеге келеді деп болжаған» дейді ана.

Оның айтуынша, 11 жыл бұрын құрсағында шарана егіз екенін білгенде, аздап қобалжыған.

  • «Енді екінші рет егіз өмірге келетіні туралы естігенде қуанышымызда шек болмады. Ең бастысы, балаларымыздың бәрі аман-сау өсіп жатыр. Үлкені домбырада шертеді. Қазақтың әндерін шырқайды. Облыстық және республикалық ән байқауларының жеңімпазы атанды» дейді ол.

Анасының сөзінше, егіздің бәрі бір-біріне ұқсайды. Еске сала кетелік, Атырауда экоұрықтандыру тәсілімен бала сүюге 232 квота берілген.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button