АТЫРАУДАСАРАПТАМА

Пара орнына бата берсе, қандай жақсы?!

Бұрын біреу пара алды дегенді естіген жұрттың төбе шашы тік тұратын еді. Қазіргі қоғам бұған түк таңданбайды. Тіпті, жыл сайын параның орташа мөлшерін шығарып отырады. Атырауда бұл көрсеткіш биыл 5 миллионнан 13 мың теңгеге дейін азайыпты!

1.ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖЕР БЕТІНЕН ЖОЙЫЛСА…

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыт осындай статистика келтіріп отыр. Міне, мұны қоғам дертімен күресіп келе жатқан «антикорлық агенттердің» жарқын жеңісі деп қабылдауға болады.

Бұрын үлкендер Ұлыстың ұлы күнінде «барлық бәле-жәле жерге сіңсін» деп ырымдап жататын еді ғой. Ал, қазір пара бергіштер «жемқорлық жерге сіңіп жоқ болсын» деп бата берсе екен деген ұсыныс бар.

Бүгінде жемқорлық жойылып кетпесе де, бір қадам артқа шегінгенге ұқсайды. Расымен де, өндірісті өңірде соңғы кезде мұндай қылмыстар қатары 39 пайызға дейін төмендегені байқалады.

– Егер өткен жылдың тоғыз айында 95 құқықбұзушылық тіркелсе, биыл тек 58-і ғана әшкереленген. Жыл басынан бері сотталған 28 адамның төртеуі – мемлекеттік органдардың бірінші басшылары. Ал, облыс бойынша былтыр 193 млн теңге пара берілсе, биыл небәрі 507 мың теңгені құрап отыр.

Сондай-ақ, біздің департаментпен 10 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 2,4 млн теңге айыппұл өндірілді. Осы орайда, әкімшілік жаза жемқорлықтың алдын алуға арналған ең тиімді тәсіл екенін айрықша атап өткім келеді, – дейді аталған департамент басшысының бірінші орынбасары.

Ерлер параны жиі береді

Биылғы тоғыз айда жоғарыда аталған департамент ел қазынасын 548,8 млн теңгемен толықтырған. Ал, бұл сомаға 109 өкпені жасанды желдету (ИВЛ) немесе 21 рентген аппаратын сатып алуға болады екен. Енді әр жағын өзіңіз байыптай беріңіз…

Ресми деректерге сүйенсек, жемқорлық деректерінің басым көпшілігі құқық қорғау, әкімдік пен салық органдарында тіркеледі. Бір қызығы, ер азаматтар әйелдерге қарағанда 3-4 есе жиі пара береді екен.

Айтпақшы, әңгіме басында айтып өткендей, параның орташа мөлшері 13 мың теңгеге дейін төмендеуіне пандемия әсер етуі мүмкін бе? Өйткені, жер жүзіне жайылған жұқпалы дертпен күресіп жатқанда, экономикалық көрсеткіштер кілт кідіретіні анық қой. Әйтсе де, мамандар оң өзгерісті Мемлекет басшысы мен Елбасының тапсырмасына сәйкес қолға алынған шұғыл шаралармен байланыстырады.

Сыбайластық сыйлық беруден бастала ма?

Ағымдағы заңнамаға сай, лауазымдық жағдайына байланысты енді ешкімге сыйлық беруге болмайды. Егер сыйлықтың бағасы екі айлық есептік көрсеткіштен төмен болса – әкімшілік, ал, одан жоғары болса – қылмыстық жауапкершілік қарастырылады.

– Бәрінен де маңыздысы – халық сеніміне селкеу түсірмеу. Бұл бағытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті тікелей арыздан бөлек, 1424 CaII-орталығына қоңырау қабылдайды.

Соңғы алты жылда жемқорлық дерегі туралы хабарлаған 50 облыс тұрғынына жалпы сомасы 7 023 360 теңге ақшалай сыйақы төленді. Бір қуантарлығы, ірі кәсіпорын мен мекемелерде жемқорлықпен күрестің экономикалық жағынан пайдасы зор екені жөнінде түсінік қалыптасуда. Себебі, қоғамдық кеселдің кесірінен табыс төмендеп, елге тартылған инвестиция өзін-өзі өтемей жатады, – дейді Айдос Мамыт.

Иә, сірә, ең дұрысы – пара орнына бата бер де, бара бер. Есесіне, ертеңіне жүзің жарқын, жолың айқын болады.

2.ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ЖОЮҒА БОЛА МА?

«Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген сөз бар халық даналығында. Бүгінде басшы да, қосшы да көп, бірақ жасалған жұмыстың нәтижесі көңіл көншітпей жатады. Егер мемлекетті адам ағзасына теңесек, ондағы қантамырларға қыстырылған бір құмалақтың бір қарын майды шірітіп жіберетін күші бар екенін көреміз. Міне, ендеше, сыбайлас жемқорлық та сондай құмалақтың бірі. Оның түп тамырын бүкіл ел болып балталамаса, басқалай жолы жоқ. Сонымен, ғұмыры ғасырларға жалғасқан «жегі құртты» жоюға бола ма? Осы сауал көптің көкейін тескені анық…

Жүзге жуық жағдай  тіркелген

Әңгімемізді қарапайым ғана мысалдан бастайық. Кейбір мемлекеттік қызметкерлер қандайма бір мәселені шешу барысын сағызша созып жіберетіні бар ғой. Неге деп ойлайсыздар? Тәжірибе көрсетіп отырғандай, осыған ұқсас жағдайлардан параның «иісі» шығады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыттың айтуынша, Атыраудың өзінде өткен жылы 91 жемқорлық қылмысы тіркелген. Оның 19-ы денсаулық сақтау, 13-і білім беру, 16-сы тұрғын үй шаруашылығы, 8-і әлеуметтік сала және қалғаны құрылыс саласында анықталған.  

Жыл сайын сауалнама

«Transparency Kazakhstan» ұйымының халық арасында жыл сайын жүргізетін сауалнамасы көрсеткендей, соңғы кезде жемқорлықтың жиілеп жатқаны адалдық мәдениетінің қалыптаспауынан болып отыр. Ал, оны қалыптастыратын мемлекеттік қызметкерлер екені айтпаса да түсінікті. Егер «бюджеттің» көрпесін әркім өздеріне тартып әлек болса, көпке кімді үлгі етеміз? Сондықтан халықпен жұмыс жасайтын азаматтар әділ, шынайы және ақшаға «сатылмайтын» болуы керек. Сонда ғана тұрғындар тарапынан сенім көпірі пайда болады және одан арсыз адамдар өте алмайды.  

Әлгі сауалнамаға оралсақ, оған еліміздегі облыс, қала және аудандардан 9 мың адам қатысқан. Барлығы 200 әлеуметтанушы мен 12 сарапшы зерттеу мен зерделеу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, соңғы жыл ішінде азаматтардың 37,4%-ы мен кәспікерлердің 45,9%-ы өздері тұрып жатқан елдімекендерде жемқорлықтың сәл де болса саябырсығанын көрсеткен.

Құқықтық сауаттылық қажет

Респонденттердің ішінде мемлекеттік органдарға хабарласқандарының 11,3%-ы  тұрмыстық жемқорлыққа тап болған. Ал, 8,2% шағын және орта кәсіп өкілдері мәселені бейресми түрде шешуге тура келген жағдайдан жапа шеккен. Соған қарамастан, сауалнама бойынша сұралған кәсіпкерлердің 80 пайызынан көбі пара бермей де бизнеспен айналысуға болатынын айтқан. Расымен де, солай болар, бірақ олардың бәрі бірдей Ата Заңды жатқа білмейтін шығар? Оны да ойлау керек-ақ. Сол үшін де кәсіпкерлердің, соның ішінде алыс ауылда төрт түлік түлетіп жүргендердің құқықтық сауаттылығын арттыруды Үкімет жолға қойса, жақсы болар еді.

Пара демекші, оны жалақы түскендей күтіп отыратындар бар. Солар қай өңірде, қай мемлекеттік органда және қай салада көбірек кездесетіні белгілі болды. Аталған сауалнамаға жауап берген тұрғындар – Атырау, Жамбыл, Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында, ал, кәсіпкерлер – Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларында қандайма мәселе «айналма жолмен» шешілетінін ашық айтқан.

Балабақшаға баламен бірге пара береді

Сондай-ақ, емхана, аурухана, полиция, салық, өрт сөндіру, жер қатынастары, қалалық құрылыс, халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО), мемлекеттік балабақша, жоғары оқу орындары жемқорлыққа ең көп жол беретін мемлекеттік мекемелер болып саналады. Жіліктеп көретін болсақ, емдеу (12,7%), жұмысқа орналастыру (10,1%), балабақшаға бала беру (6,1%), жер мәселесін шешу (6,5%), ХҚКО-ынан анықтама алу (5,1%), салықтық есеп тапсыру (9%), заңбұзушылықтан жалтару (8,4%) және емтихан сессиясын «жабу» (4,4%) қажеттіліктері жемқорлыққа сеп болған. Ұйқастырып айтар болсақ, балабақшаға баламен бірге пара береді, ал, алғыштар болса, ала береді деген сөз…

Осындай жағдайлардың орын алуына 50 пайыз мемлекеттік орган қызметкерлері бастамашы болатыны да сауалнама арқылы анықталған. Ашығын айтқанда, мемлекеттік қызметкерлердің жедел немесе мүлде әрекет етпеуі, мемлекеттік жүйедегі техникалық қателіктер, полицейлер мен сот орындаушылардың дөрекелігі, аудан әкімдерімен жолығудың қиындығы жұрттың жүйкесін жұқартқан.

ТҮЙІН

Қалай болғанда да, мемлекеттік кәсіби аппарат құру, өңірдегі жемқорлық деңгейін төмендету, мемлекеттік органдардың ашықтығын қаматамасыз ету, тұрғындардың сенімін нығайту, бәрі де мемлекеттік қызметкерлердің қолында.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button