АТЫРАУДА

Қызылқоғаның 413 мың гектар жері Мақатқа қосылды

Бұл туралы бүгін Мақат ауданының әкімі Шәкір Кейкин биылғы төрт айдағы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі баяндамасында айтты, деп хабарлайды Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі.

– Көршілес Қызылқоға ауданының  413 мың гектар  жер телімі Мақат ауданына қосылды. Нәтижесінде, 18 шаруа қожалығы қосылып, шабындық және жайылымдық жерлер көбейді, – деді аудан әкімі.

Жергілікті денсаулық сақтау саласы да бірқалыпты дамып келеді. Ауданда ана өлімі биыл да, былтыр да тіркелген жоқ. Өз кезегінде әкім тұрғындарды ортақ иммундық орта қалыптастыру мақсатында екпе салдыртуға шақырды.

Сондай-ақ, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы да өз жемісін беруде. Ауылға тұрақты еңбек етуге келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтiк қолдау көрсетілуде. Бұл қатарда ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері  де бар. Мәселен, биыл бір  дәрігер-хирургке 291 700 теңге көтерме жәрдемақы  мен тұрғын үй сатып алуға 4 375 500 теңге бюджеттік несие беріліпті.

Ауданда жұмыс іздеген 551 тұрғын екі қолға бір күрек тапқан. Әйтсе де, әлі де 603 адам жұмыссыз жүр. Ал, атаулы әлеуметтік көмекті 38 отбасы мен 173 бала биыл жаңа форматта алып жатыр. Бұл бағытта 4 183, 7 мың теңге берілген.

Спортпен тұрақты шұғылданатын тұрғындар 6 мыңнан асқан. Аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебіндегі шәкірттер қатары да мыңға жуықтаған.

Тағы бір жақсы жаңалық, биыл аудан тұрғындарына жалпы аумағы 1127 шаршы метр баспана берілген. Бұл былтырғыдан екі есе көп. Десек те, әлі 650 азамат  тұрғын үй кезегінде тұр.  

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button