АТЫРАУДА

Сайлауға үміткерлер қалай ұсынылады?

Сайлауға үміткерлер келесідей ұсынылуы мүмкін…

– саяси партиялардан;

– өзін-өзі ұсыну арқылы;

– аудан әкімімен.

Әкім лауазымына сайлау үшін ел азаматының жасы 25-тен кем емес, әрекетке қабілетті, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарына сай болуы, заңда белгіленген тәртіппен танылған соттылығы және сыбайлас жемқорлық қылмыс, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау фактісі болмауы тиіс.  Үміткерлер талаптарға сәйкестігін тексеру рәсімінен өтеді. Бұл процедуралар кандидатттарды таңдауда өзінің оң нәтижесін береді деген ойдамыз. Кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттарды алғаннан кейін басталады және сайлауға 10 күн қалғанда аяқталады. Содан кейін сайлау алдындағы үгіт басталады. Үгіт – насихат жұмыстары кезінде әр кандидаттың бағдарламасына сай, оның ойлау қабілеті мен іскерлігін байқауға көп мүмкіндіктер болатындығы белгілі, осыған орай, сайлаушылардың сайлаудың осы кезеңіндегі белсенділігі сайлау барысын айқындайды.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, сайлау науқаны басталғалы бері республика бойынша барлығы 2 322 кандидат, оның ішінде 7 шілдеде 102 кандидат ауыл әкімдігіне ұсынылды. Оның көпшілігі, атап айтқанда, 1 455 адам (62,7%) – өзін-өзі ұсынғандар, 867 адамды (37,3%) саяси партиялар ұсынған.

Саяси партиялар ішінде ең көп кандидат – 588 адамды (67,8%) Nur Otan партиясы, 100 адамды (11,5%) «Ауыл», 70 адамды (8,1%) ҚХП, 56 адамды (6,5%) Adal, 53 адамды (6,1%) Aqjol партиялары ұсынған. Айта кету керек, ЖСДП партиясы бірде-бір кандидат ұсынбаған.

Осыған орай,   сайлау кезінде ғана көрініп, кейін көрінбей кететін партия өкілдерінің сайлануына жол бермей, халық арасында іс-әрекетімен танылған, жоғары билік орындары алдына келелі ұсыныстар қоя білетін партия өкілдері мен танымал азаматтарды алтернативті түрде  сайлауға қол жеткізуіміз керек.

Сайлау жарияланған округтер санының көптігіне байланысты кандидаттардың ең көбі Ақмола (300), Қарағанды (267), Алматы (247) және Шығыс Қазақстан (237) облыстарында ұсынылды. Кандидаттардың ең азы Маңғыстау (36), Атырау (60) және Батыс Қазақстан (82) облыстарында екендігі байқалады. Бұл жағдай, облыс басшылығы мен сайлауды ұйымдастырушыларға өзіндік ой салуы тиіс. Сайлаушылардың белсенділігінің артуы әлеуметтік прогрестің кілті екенін естен шығармағанымыз жөн.

Ел бойынша орташа бәсеке бір орынға – 3,2 адам. Ең жоғары бәсеке Түркістан (3,8), Маңғыстау (3,6), Қарағанды (3,6) және Алматы (3,5) облыстарында. Ең азы Қостанай (2,3) және Батыс Қазақстан (2,6) облыстарында.

Кандидаттарды ұсыну 9 шілде сағат 18.00-ге дейін жалғасады, сонымен бірге кандидаттарды тіркеу де қатар (кандидаттарды тіркеу 14 шілде сағат 18.00-ге дейін) жүргізіледі. 7 шілдедегі жағдай бойынша 456 кандидат тіркелді (ұсынылған кандидаттардың жалпы санының 19,6%-і).

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабы 3-тармағының талаптарына сәйкес эфирден және баспасөзден орын беру төлемінің мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтерді тиісті бұқаралық ақпарат құралы сайлау алдындағы үгітті жүргізу басталғанға дейін бес күннен 2021 жылғы 9 шілдеден кешіктірмей хабарланып, жарияланды.

Бұқаралық ақпарат құралдары эфир мен баспасөз бетінен орын беру төлемінің мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтер жарияланғанға дейін кандидаттардың үгіт материалдарын орналастыру, тарату үшін эфир уақытын, баспасөз бетінен орын бере алмайды (осы норманы бұзу лауазымды адамдарға – 30 АЕК мөлшерінде, заңды тұлғаларға 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады). Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлау бойынша эфир және баспасөз бетінен орын беру төлемінің мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтер аумақтық сайлау комиссияларына берілуі тиіс.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 27-бабы 2-тармағының талаптарына сәйкес сайлау алдындағы үгiт кандидаттар тiркелген мерзімі аяқталған кезден басталып, сайлау болатын күннің алдындағы күнгi жергілiктi уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады.

Осылайша, сайлау алдындағы үгіт 2021 жылғы 14 шілде жергілікті уақытпен сағат 18:00-ден кейін басталып, 2021 жылғы 24 шілде жергілікті уақытпен сағат 00:00-де аяқталады. Жалпы, ауыл әкімдерін сайлау осы жылдың шілде айының соңғы 10 күні ішінде өткізіледі.

Сайлау өткізілгеннен кейін үш күн ішінде қорытынды шығарылады, жеті күн ішінде сайланған әкімді тіркеу жүзеге асырылады. Бұл ретте сайланған әкімнің өкілеттігі оны тиісті аумақтық сайлау комиссиясы тіркеген кезден басталады.

Әділбек Турдалиев,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университтетінің профессоры, т.ғ.к., «Nur Otan» партиясының Атырау қалалық филиалының Саяси Кеңесі мүшесі.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button